«Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорына қоғамдық бақылау енгізіледі

Оның тетіктері заңмен бекітілді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сондай-ақ Назарбаев университеті мен мектебіне, дербес білім беру және әскери ұйымдарға қоғамдық бақылау енгізу процесі айқындалды. Бұл жайында «Қоғамдық бақылау туралы» заң жобасын әзірлеген жұмыс тобының өкілдері мәлімдеді. Депутат Жұлдыз Сүлейменова құжат азаматтарымыздың елдің қоғамдық-саяси өміріне белсенді араласуына мүмкіндік беретінін айтты. Жоба аясында 3 кодекс пен 10 заң жобасына өзгеріс енді. Оған сәйкес орталық және жергілікті атқарушы органдар, мемлекеттік мекемелер, квазимемлекеттік секторларға қоғамдық бақылау жүргізіледі.   

Жұлдыз Сүлейменова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Біз «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорына міндетті түрде қоғамдық бақылау енгізу қажет деген ойда болдық. Соған қатысты 7-8 ай Мәжілістің депутаттық корпусы табанды еңбек етті. Одан кейін біз әскерімізде жас балаларымыз барып, соларда орын алған резонансты мәселелерді шшеуге қатысты қоғамдық бақылау енгізу қажеттігін жақсы түсіндік.

Мадияр Қожахмет, ҚР АҚДМ Азаматтық қоғам істері комитетінің төрағасы:

- Қазіргі таңда мемлекеттік органдар ауқымды қол жинауды күтпей-ақ, мәселен, бір адам мәселені көтеріп жатса, оған қысқа уақытта жауап беруге немесе оң шешімді қабылдауға тырысып жатыр. Сондықтан да енді осы үрдіс петиция аясында да болуы мүмкін.

 

Айта кетейік, Қоғамдық бақылау туралы заң жобасы аясында енгізілген петиция арнайы әзірленген порталда немесе платформада орналастырылады. Құжат 2,5 мың мен 50 мыңның аралығында дауыс жинаған жағдайда ғана түрлі деңгейде тиісті шешім шығарылады.

Жалпы петициялар аудандық, облыстық және үкіметтік деп 3 деңгейде қаралады.