Қызылорда облысында 200 мың гектар жер мемлекет қорына қайтарылады
«Жер аманаты» комиссиясының араласуымен бекітілген жоспардың жартысына жуығы орындалды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Ауылдардың маңындағы игерілмеген алқаптар жекенің меншігінен алынып, ақпараттық базаға «қоғамдық жайылым» ретінде енгізіледі. Енді бұл жер телімдерін әкімдік өзгелерге бере алмайды.
Жалпы комиссия мүшелерінің ұсынысымен жаңа заңнама әзірленіп жатыр. Онда конкурссыз жер үлестіру мәселесін мүлдем тоқтату және ауылда кемінде 5 жыл тұрған азаматтар мен кооперативтерге қосымша балл беру мүмкіндігі қарастырылады. Одан бөлек, үлескерлердің дивидендтерін қайтару жөнінде арнайы заң жобасы талқыланып жатыр.
Бақытжан Базарбек, «Жер аманаты» республикалық комиссиясы төрағасының орынбасары:
- Игерілмеген жерлердің шарттарын күшейтіп жатырмыз. Енді бұрынғыдай қонышынан басып үлкен-үлкен жерлерді пайдаланбай жатпайсың. Жер кодексінің 92, 93, 94 бабында игеру шарттарын күшейтіп отырмыз. Оның негізгі мақсаты – олигарх латифундистердің монополияларын жоққа шығару.