БҚО-да бүлінген үйлердің орнына жаңасы салынып жатыр
Батыс Қазақстан облысының Бөрлі ауданында көктемгі су тасқынының зардабын жою жұмыстары қызу жүріп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».
Аудан бойынша 154 отбасыға 76 миллион теңге қаржылай көмек көрсетіліп, жарамсыз күйге түскен 16 тұрғын үй жаңадан тұрғызылып жатыр. Сонымен қатар биыл Қызылтал және Аралтал ауылдарын қызыл судан қорғайтын бөгеттер салынады.
Биылғы көктем Ақбұлақ ауылының тұрғыны Жанаргүл Ғимранованың есінен ешқашан кетпейтін шығар, сірә. Қырдан құйылған қызыл су ауыл жанындағы тоғанға сыймай шеткі көшелерге лап қойыпты. Тұрғындар құжаттарын ғана алып қашып шыққан. 60-шы жылдары салынған саман үйлер сол күні-ақ жарамсыз күйге түсті.
Жанаргүл Ғимранова, Ақбұлақ ауылының тұрғыны:
- Үйіміз құлады. 13 наурыз күні эвакуация жасады бала-шағамызбен. Қазір бір үй тауып берді уақытша. Немерелеріммен, отбасыммен сол үйде тұрып жатырмын. Басында қиын болды ғой бәрімізге де. Баспана құлаған. Далада қаламыз ба деген ой да болды, қайда барамыз деп. Біреудің үйінде тұру қиын ғой.
Ол қиындықтар енді артта қалды. Дәл қазір аудан бойынша 16 үй салынып жатыр. Таяу күндері төбесі жабылып, құрылысшылар ішкі әрлеу жұмыстарына кіріседі. Аудан басшысының айтуынша, тасқыннан зардап шеккен тұрғындар шілденің басында қоныс тойын тойлайды. Жалпы ауданда 175 тұрғын үйге бағалау жұмыстары жүргізіліп, барлығына да көмек көрсетілген. Жолдар да қалпына келтірілді.
Еркебұлан Ихсанов, Бөрлі ауданының әкімі:
- Облыстық төтенше жағдай резервінен шайылған жолдарды қалпына келтіруге – 70 млн, сосын тұрғын үйлер салуға, 16 үй – әр үйге 30 млн қаржыдан. Жалпы сол аудан бюджетінен 34 млн 64 адамға төленді. Сосын «AMANAT» партиясынан 42 млндай 93 тұрғын үйге төленді. Одан бөлек, «Қызыл ай» қорынан әр тұрғын үйдегі отбасы мүшесіне 100 мың теңгеден төленді.
Сонымен қатар Бөрлі ауданындағы бірнеше ауыл маңына қызыл судан қорғау мақсатында бөгеттер салынады. Қазір Қызылтал ауылындағы құрылыс жұмыстарына 245 миллион теңге бөлінген. Ал Аралталдағы инженерлік қорғау нысанының жоба-сметалық құжаттары енді әзірленеді.
Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Қ. Махмудов, Э. Аюпов.