СҚО-да ауызсу мәселесі 3 күнде шешілуі тиіс
Солтүстік Қазақстан облысының әкімі қол астындағы қызметкерлерге ауызсу мәселесін шешуге 3 күн уақыт берді, деп хабарлайды «Хабар 24».
Айдарбек Сапаров жауапты мамандарды сынға алып, шұғыл түрде комиссия құруды тапсырды. Өңірде соңғы күндері бірнеше елді мекен сусыз қалды. Тұрғындар 40 градустық ыстықта бау-бақшаларын да суара алмай отыр. Әсіресе Қызылжар, Аққайың, Мамлют және Мағжан Жұмабаев аудандарында тіршілік нәрінен тапшылық байқалады. Бұл туралы кеше айтқан болатынбыз.
Жалпы биыл облыс бойынша халықты сапалы ауызсумен қамтуға 18 млрд теңге бөлінген.
Айдарбек Сапаров, облыс әкімі:
- Аудан және қала әкімдері мен «Есіл Су» және «Қызылжар Су» мекемелерінің басшыларына таза ауызсу тапшылығын 3 күнде шешуге тапсырма беремін. Бүгіннен бастап нақты жұмыс жоспары құрылып, «Жол картасы» дайындалсын. Халық тіршілік нәрінен қиындық көрмеуі керек.