Астана халықаралық форумына британиялық профессорлар қатысады
Ертең Астана халықаралық форумы басталады, деп хабарлайды «Хабар 24».
Оған 400-ден астам халықаралық сарапшылар мен белді саясткерлер қатысады. Алқалы жиын қонақтары қатарында британиялық озық оқу орындарының білікті профессорлары да бар.
Андрес Родригес-Посе – әлемге әйгілі Лондон экономика және саясаттану мектебі университетінің профессоры, экономикалық географияның білгір маманы. Ол өңірлердің дамуы тақырыбын ұзақ жылдар бойы зерттеп келеді. Ғалым академиялық ортада зор құрметке ие. Саясаткерлер маңызды шешім қабылдағанда да оның еңбектеріне жиі сүйенеді.
Андрес Родригес-Посе, Лондон экономика және саясаттану мектебі университетінің профессоры:
- Әлемдегі геосаяси жағдай күрделі, экономикалық шиеленістер маза бермей тұр, пандемия салдары алаңдатады. Астана халықаралық форумы сол мәселердің шешімін тауып, экономикалық дамуға жол сілтейді деп үміттенемін. Тек Қазақстан үшін емес, әлемге берері мол жиын болады деп ойлаймын.
Профессор форумда өзі машықтанған бірқатар мәселе бойынша баяндама жасамақ. Әсіресе экономикалық белсенділігі төмен өңірлерді қолдау, аймақтық теңсіздікті жою тақырыбына баса назар аударады. Проблема қазір шешімін таппаса, зардабы ауыр болуы мүмкін, - дейді ғалым.
Андрес Родригес-Посе, Лондон экономика және саясаттану мектебі университетінің профессоры:
- Экономикалық даму көрсеткіштері Астана мен Алматыда жоғары болуы – заңды құбылыс. Бірақ басқа өңірлер де, әсіресе оңтүстіктегі көштен қалып қоймауы керек. Халықты жұмыспен қамту деңгейі және еңбек өнімділігі жоғары болғанда ғана мемлекет көркейеді.
Родригес-Посе қазақстандықтардың әл-ауқатының картасын жасаумен де айналысқан. Халық қай облыста өзін қауіпсіз әрі қолайлы сезінетінін, өмірге құштарлығын зерттеген. Астана форумында бұл зерттеудің нәтижелері жария етіледі деген жоспар бар.
Авторы: Ғалымжан Қараманұлы.