Жетісу облысында 40 пәтерлік тұрғын үй пайдалануға берілді
Жетісу облысының Текелі қаласында 40 пәтерлік тұрғын үй пайдалануға берілді.
Көпбалалы отбасылары мен қамқоршысы жоқ жетім балалар баспаналы болды. Жалпы шағын қалада алдағы 5 жылда 500 отбасына жаңа пәтер беріледі деген жоспар бар.
Ақгүл Шоқанқызы бес бала тәрбиелеп отырған көпбалалы ана. Бүгін ол үш бөлмелі пәтердің кілтін алды. «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша салынған 40 пәтерлік үйдің құрылысына жергілікті бюджеттен 546 млн теңге бөлінді. 20 пәтер кезекте тұрған көпбалалы аналарға, 12-сі әлеуметтік осал топтағы азаматтарға, ал 8 пәтердің кілті жетім балаларға берілді.
Ақгүл Шоқанқызы, Текелі қаласының тұрғыны:
- Бүгін үйдің кілтін алып жатырмыз. Аллаға шүкір осындай жағдай жасап бергеніне. Мұның алдында мамамызбен тұрған едік. Қазір өте қуаныштымыз, шүкір.
Күлан Қыдырбайқызы, Текелі қаласының тұрғыны:
- Осындай баспана, осындай үлкен қуаныш басқа да ата-аналарға бұйырсын! Әр қазақтың үйінде той болсын, думан болсын!
Текелі қаласы бойынша мыңнан астам адам баспана кезегінде тұр. Алдағы 5 жылда солардың тең жартысы баспаналы болады.
Алмас Әділ, Текелі қаласының әкімі:
- Алдағы 5 жылдықта енді 100 пәтерден санаған кезде сол 500 пәтер кем дегенде беріледі. Сонымен қатар сатып алынатын пәтерлер бар. Сондықтан әр жыл сайын кем дегенде 80-100 пәтерден тапсырып беруге тырысамыз.
Текеліде биыл тағы бір 40 пәтерлік үй тапсырылады. Оның құрылысы қазір қызу жүріп жатыр. Ал келер жылы 60 және 40 пәтерлік екі көпқабатты тұрғын үй халық игілігіне беріледі.
Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Қуаныш Түргенбаев