Қызылорда облысында ауылдарды дамытуға мән беріледі

Қызылорда облысындағы Жаңақорған ауданы макроэкономикалық көрсеткіштер рейтингі бойынша 4 орынға көтерілді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 53 миллиард теңгеден асып, өнеркәсіп саласында айтарлықтай өсім байқалады.

Алайда ауылдардағы шағын және орта бизнесті дамытуға айырықша серпін қажет. Мәселен, ауданда «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде 7 елді мекенге мүлде қаржы бөлінбеген. «Ауыл аманаты» жобасы бойынша да ілкімді істер тек Қожакент пен Аққорғанда жүзеге асырылып жатыр. Осы ретте облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев өңірдегі әрбір ауылдың даму барысын бақылауда ұстайтынын айтты.

Ауданның әлеуметтік-экономикалық ахуалы сараланған жиында кәсіпкерлікті қолдау арқылы жастар жұмыссыздығын азайту керектігі айтылды. Одан бөлек, аймақ басшысы қылмыстардың ашылу көрсеткіші төмен екенін сынға алды. «Ауыл ел – бесігі» бағдарламасы бойынша Жаңақорғанға 2 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлініп, бірқатар тиімді жобалар іске асты. Дегенмен қарт Қаратаудың бөктеріндегі ауданның әлеуеті бұдан да зор. Осы ретте Нұрлыбек Нәлібаев ауыл әкімдеріне мемлекеттік бағдарламаларға мейілінше көбірек жоба ұсыну керектігін айтты.

Нұрлыбек Нәлібаев, облыс әкімі:

- Мемлекет басшысы қайта сайланғаннан кейін ең бірінші қол қойған жарлығы ауылдарды дамытуға арналды. Мемлекет басшысының елді мекендерге жасап жатқан қамқорлығын барлық ауыл сезіну керек. Сіздер сияқты жай қимылдайтын ауыл әкімдерінің әсерінен халық оны сезбей қалмау керек. «Ауыл аманаты» жобасы мақұлданып, ел бойынша 100 млрд теңге қаралған. Қазіргі таңда 3 млрд теңге өңірге келді. Тағы жобалар дайындалып жатыр. Аудандарды аралап шыққанда, әр ауданда 3 млрд теңге жобасы дайындалып жатыр. Өйткені бірінші кезекте тіректі ауылдар ғана кіреді деген. Ол тіректі ауылдар санаулы. Біз ұсыныс бердік, барлық ауылдар қатыссын деп. Қазіргі таңда барлық ауылдарға қатысуға мүмкіндік берілді.

Тұрғындарды жеке қабылдау барысында негізінен елді мекендерді газдандыру, жол жөндеу және әлеуметтік нысандардың уақытылы салынуы жөніндегі түйіткілдер айтылды. Мал ұрлығын тоқтату және қоғамдық қауіпсіздікті ұйымдастыру мәселелері де көтерілді.

Әйгерім Қарабаева, Жаңақорған ауданының тұрғыны:

- Оңалту орталығын сұрадым. Бізде 524 мүмкіндігі шектеулі бала бар екен. Екінші тараптан ауданның екінші бөлігіне емхана сұрап жатырмын. Біздің ауданда жалпы 81 мың халық бар, кент орталығында – 31 мың. Оның 19 мыңы – шығыс жағында, батыс жағында – 12 мың. Сол 31 мың халыққа қазір бір емхана істеп тұрған.

Алшынбай Тұртанов, Жаңақорған ауданының тұрғыны:

- Қызылорда облысы малының жартысы Жаңақорған ауданының еншісінде. Түркістан дәлізі арқылы кететін болғандықтан, осы арадағы ішкі істер бөлімінің жеке құрамын күшейту жөнінде және соны қадағалау ұсыныс айттым. Ол кісі назарына алды.

Облыс әкімінің құқық қорғау органдары басшыларымен өңірдің 7 ауданын түгел аралауы барысында тұрғындардан 500 ден астам өтініш қабылданды. Барлық арыз-ұсыныс назарға алынып, тиісті шешім қабылданатын болады.

Авторлары: Қамбар Бекенов, Нұржан Мұзарапшин.