Мәжіліс депутаттары «АрселорМиттал Теміртау» металлургтерімен кездесті

Алдағы 7 жылда «АрселорМиттал Теміртау» АҚ ауаға тарайтын зиянды қалдықтар көлемін тағы 18%-ке қысқартады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл өндірісті оңтайландырып, домна пештердің отын шығынын үнемдеу есебінен жүргізіледі. 

Бұдан бөлек, қазіргі ірі жобалардың қатарында еуропалық экология нормаларына сәйкес келетін жаңа кокс батареяларын салу жоспары бар. Мұндай жаңалықтар Мәжіліс депутаттарының аталған кәсіпорындағы көшпелі мәжілісі кезінде айтылды.

АрселорМиттал Теміртауда бүгінгі күні 33 мыңға жуық адам жұмыс істейді. Мәжіліс депутаттары бірден өндірістің қайнаған ошағына барып, сондағы жұмысшылардың арыз-шағымын тыңдады.

Дәуренбек Халел,  көрікші:

- 12 сағат жұмыс істейміз. Таңертең 7-ден кешке 7-ге дейін. Осыған байланысты зейнет жасын түсірсе, бірінші мәселе. Екіншіден, осындай жұмыс болған соң кішкене айлық өсірсе екен.

Еділ Жаңбыршин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- 60-қа жақындаған азаматтар бар. Мындағы температура «шлаг» шыққан кезде 1500 градуспен шығады сыртқа деп. Осындай жерде істеген адамдардың ертерек зейнетке шыққаны дұрыс. Қазір арнайы топ осымен айналысып жатыр. Осы мәселені бір жағына шығару керек деп мен есептеймін.

Комбинаттағы жаңа кокс батареялары салынса ескілері кезең-кезеңмен толық жұмысын тоқтатады. №7 жаңа қазандықтың да құрылысы аяқталуға жақын. Мәжіліс депуттары агломерация цехын, электр сүзгілер мен қалдықтар қоймасын да аралап көрді. 

Константин Цимбал, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ техникалық директоры:

- №7 жаңа қазандықтың құрылысын биылдан қалдырмай аяқтау ол біздің қала тұрғындары алдындағы жауапкершілігіміз деуге болады. Қазір онда электр-монтаждау жұмыстары бойынша мәселе бар. Қазір онда жұмысшылар көбейтіліп, біз оны жыл соңына дейін аяқтап, биылғы жылыту маусымында жылу беруді жоспарлап отырмыз.    

Сондай-ақ Мәжіліс депуттары көшпелі жиында компанияның барлық экологиялық мәселелеріне қатысты сауалдарын да талқылады. Компания осы мақсатта кемі 500 млн доллар қаржы салуды жоспарлап отырғанын айтады.

Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков, Зарина Зұлпыхар.