Қарқаралының іргесі қай жылы қаланды?
Қарағанды облысына қарасты Қарқаралы қаласының тарихын біздің дәуіріміздің 840-шы жылынан бастаған жөн.
Осылайша, 2025 жылы киелі мекеннің іргесі қаланғанына тура 1185 жыл толады.
Мұндай бастаманы осы бағытта ондаған жыл жұмыс істеген тарихшылар мен ғалымдар тобы ұсынып отыр. Олардың пікірінше, сәні мен табиғаты келіскен қаланы Ресей империясының әскери бекінісі салынған уақыттан бастап есептеу тарих алдында әбестікке тең.
Киелі Қарқаралының тарихын ит тұмсығы батпайтын мыңдаған жылға тереңдету – бұл үлкен ізденістермен нақты тарихи дәлелдің нәтижесі. Көшпелілердің қала мәдениетін саналы түрде жоққа шығаратындар бар. Ақиқат осындайлардың салдарынан айтылмай қалған, - дейді ғалымдар.
Сатай Сыздықов, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі:
- Мысалы, 840-шы жылы осы Қарқаралы өңірінде Қырқыр хан деген хан билік еткен. Оны араб-парсы деректерінде Худуд Әл-Алам деген белгісіз автор жазбасында келтірген. Біріншіден, осы деректерге сүйенеміз.
Жамбыл Артықбаев, тарих ғылымының докторы:
- Бұл Мәшһүр Жүсіптің шежіресінде де, басқаларында да бар. Осындай деректерге сүйене отырып, біз Қарқаралының тарихын 200 жылмен шектемеуіміз керек. Ортағасырлық Қарлұқ тарихына бару керек деген осындай бір тұжырымдаманы ұсынып отырмыз.
Халықаралық конференцияға 7 мемлекеттің ғалымдары, 30-ға жуық тарихшы мен профессор қатысты. Бас-аяғы 90-ға жуық мақала жинақталды. Баршасында бұлтартпас дәлелдер бар. Бұл жинақ біртұтас кітап болып басылып шықты.
Ботагөз Тілеубекова, Орталық Қазақстан академиясының проректоры:
- Ә.Марғұланның, Сыздықовтың зерттеуіне сүйене отырып, Қарқаралы тарихын 840-шы жылдан бастай отырып, Қарқаралының мерейтойын 2025 жылы тойлау керек деген резолюция қабылдаймыз.
Қарар қабылданып, онамастикалық комиссияға ұсынылғаннан кейін бүгінгі бастамашылар жергілікті әкімдікке жүгініп, тың бастаманы республика көлемінде насихаттамақ.
Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков, Зарина Зұлпыхар.