«Бәйтерек» холдингі ауыл шаруашылығына ден қояды
Астана халықаралық форумында Еуразияның тұрақты даму мүмкіндіктері талқыланды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Панельдік сессияны «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі өткізді.
Ұлттық компания төрағасы Қанат Шарлапаев холдингтің қолға алған жобалары жайлы айтып, тұрақты экономикалық даму аспектілеріне тоқталды. Ал шетелдік сарапшылар Қазақстанның қай салалаларда қалыс қалғанын атады.
Астана халықаралық форумы – бұл үлкен диалог алаңы. Түрлі сессияда бас қосқан сарапшылар жаһандық геосаяси жағдайда қалыптасқан жағдайларды талқылап, шешу жолдарын ұсынады. Мысалы, Қазақстанның Орталық Азиядағы рөлі ерекше. Қазіргі жағдайға қарасақ, жеткізу тізбегі бұзылған, логистика да айтарлықтай өзгерген. Осы орайда Еуразияның тұрақты даму мүмкіндіктері жайлы сөз сөйлеген сарапшылар қай бағытқа басымдық беру керектігін айтты.
Барри Чан, Гонконгтың инвестициялық банкингінің басқарушы директоры:
- Еуразия мемлекеттеріне өздері жақсы меңгерген салаларды дамытып, сол арқылы алға шығу маңызды. Сондықтан бұл аймақтағы басты мәселелердің бірі серіктестік деп есептеймін. Өзара ынтымақтастық арқылы экономикалық даму мүмкіндіктерін арттыруға болады.
Әрине, Қазақстан да бұл мәселелерді талқылауға ниетті. Бірақ алдымен жекелелеген секторлардағы жұмысты жалғастырады. Бәйтерек холдингінің басшысы Қанат Шарлапаев тұрақты дамудың 3 негізгі аспектісін атады.
Қанат Шарлапаев, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ басқарма төрағасы:
- Тұрақты даму мақсаттарына келсек, мұнда 3 аспектіні айту маңызды. Біріншіден, бұл экономикалық өсу, оны әлеуметтік дамусыз, қоршаған ортаны қорғаусыз жетілдіру мүмкін емес. «Бәйтерек» – Қазақстанның қаржы секторындағы ірі агенттердің бірі. Біз таразының бір жағына тұрақтылық пен экономикалық дамуды, екіншісіне әлеуметтік және қоршаған ортаны қорғау мәселелерін қоюымыз керек.
«Қазақстан жерінің 75% ауышаруашылық қызметке жарамды, бірақ тек 30% ғана қолданылады. Сондықтан мұны «Бәйтеректің» маңызды мақсаты деп сенеміз, - дейді шетелдік сарапшылар. Өз кезегінде холдинг өкілдері осы саладағы бағдарламаларды дамытуға ден қойып, алдағы уақытта азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге баса назар аударатынын айтты.
Авторлары: Ғазиза Мұхамеджанова, Марат Диханбаев, Аружан Шуақбай.