Ақтауда жас таланттар байқауы қорытындыланды

Ақтауда дарынды балалар мен жеткіншектерді қолдауға бағытталған «Jas tolqyn» аймақтық байқауының ІІ кезеңі қорытындыланды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жобаның бас демеушісі – «Каспий Құбыр Консорциумы-Қ» акционерлік қоғамы.  

3 бөлімнен тұратын өнер додасы осымен 4-ші рет ұйымдастырылып отыр. Биылғы өнер сайысына 350-дей өрен қатысты. Сайыс жеңімпаздарының есімі баспасөз жиынында айтылып, соңы гала-концертке ұласты.

Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Атырау және Маңғыстау өңірінде тұратын жас таланттар Ақтауда 2 күн бойы 5 номинация бойынша сынға түсті. Дәстүрге сай әр сайыс соңында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері, халық әртістері, Қазақ ұлттық өнер университетінің оқытушылары шеберлік сағатын өткізді. «Jas tolqyn» байқауы – бас демеушінің мәдениет саласындағы ең ауқымды жобаларының бірі.

Қайыргелді Қабылдин, «Каспий Құбыр Консорциумы-Қ» АҚ бас директорының ҚР Үкіметімен байланыс жөніндегі орынбасары:

- Мақсатымыз – қазақтың дәстүрі, қазақтың мәдениетін дүниежүзіне жеткізу. Жас таланттарымызды, жұлдыздарымызды болашақта үлкен сахнаға шығарып, біздің еліміздің мақтанышы болады деп сенім білдіреміз. «Каспий Құбыр Консорциумы-Қ» – елімізде танымал компания. Қазақстаннан шығатын мұнайдың 70%-тен астамын экспортқа, әлемдік нарыққа шығарады.   

Байқау соңында «Дәстүрлі ән» номинациясы бойынша батысқазақстандық Жанерке Оңғарбекова топ жарса, ұжымдық топтар арасынан «Ақсұңқар» ансамблі үздік танылды. «Вокал» номинациясында ақтаулық Амина Асгатова мен ақтөбелік дарын Аяна Байзулла алдына жан салмады. «Аспаптық жанр» бойынша «Жас толқын» домбырашылар ансамблі жеңімпаз атанып, жеке орындауда Милан Мырзағалиева және Таисия Войтова гран-приге лайық деп танылды.

Таисия Войтова, гран-при иегері:

- Байқау тартысты әрі әділ өтті. Қазылар алқасының әр қатысушыға өз бағасын бермес бұрын еркін сөйлесіп отырғаны ұнады. Өнерге 4 жасымда келдім. Менің ойымша, Фортепиано – музыкалық аспаптардың төресі. Ата-анам да – музыкант.

«Хореграфия» номинациясы бойынша «Жұлдыз» би ансамблі бас жүлде алды. Ал «Көркем сөз» оқудан Мейіржан Бейбітұлы қазылар алқасын өз өнерімен тамсантты. Гран-при иегерлері алда Мәскеуде болатын ««Каспий Құбыр Консорциумы-дарынды балаларға» атты халықаралық фестивалге қатысады.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев.