Елімізде 30 мыңға жуық адам жаңа үйге көшеді

2027 жылға дейін елде 78 млн шаршы метрден астам жаңа тұрғын үй салынады, деп хабарлайды «Хабар 24».

30 мыңға жуық апатты және тозығы жеткен тұрғын үйде тұратын жандар жаңа баспанаға көшеді. Бұл міндеттер «AMANAT» партиясының 2023-2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасын орындау жөніндегі Жол картасында көзделген.

2027 жылға қарай мектепке дейінгі ұйымдарда 300 мың жаңа орын ашылады. Балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамту 99%-ке дейін ұлғаяды. Шағын қалаларда, аудан орталықтары мен ауылдарда 3 мың мектеп жаңғыртылады. Қазір партияның сайлауалды уәделерін жүзеге асыру үшін қажет қаражат толық қарастырылған.

Ерлан Қошанов, «AMANAT» партиясының төрағасы:

- Фракция мүшелері, Үкімет және орталық аппарат барлық Жол карталарындағы тармақтардың іске асырылу статусын әрдайым бақылауда ұстауы керек. Біз де Жол картасының тармақтары бойынша нақты депутаттар бекіттік. Ал Үкімет әр салаға тікелей жауапты министрді бекітіп берді. Жыл сайын фракция жиналысында Премьер-министрдің Жол картасының орындалуы бойынша есебі тыңдалатын болады. Егер жұмыс жүрмей жатса, бұдан да жиілетуге болады. Ол үшін үздіксіз кешенді жұмыс жүргізілуі қажет.