«Гамма-пышақ»: заманауи технология жемісі
Ұлттық нейрохирургия орталығында 15 жылда 40 мыңнан аса операция жасалды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Кейінгі жылдары жоғары технологиялық жабдықтар қолданысқа енді. Былтыр операциялардың 15%-і осы жабдықтардың көмегімен жүргізілді. Сондай-ақ гамма-пышақ технологиясы өз тиімділігін көрсетті. Әлемде бұл аппараттың небары 400 данасы бар. Ал Орта Азиядағы жалғыз аппаратты Астанадағы орталық қолданады. Құрылғы ісіктерді, тамыр және ми ауруларын адам ағзасын кеспей, наркозсыз емдеуге мүмкіндік береді. Яғни, операция сәуле арқылы жасалады. Науқастар қымбат операцияларға Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры арқылы қол жеткізіп келеді. Биылғы 5 айда 1805 науқас ем алған.
Нұрзат Сығай, нейрохирург:
- Гамма-пышақ болғанда, ол – метафоралық аты ғой. Онда ешкім пышақпен кесіп отырмайды. Мына жерде сәулелердің қайнар көзі бар. Сол қайнар көзі патологиялық ошақта бәрі сіңіріліп, сол жерде дозаның ең үлкен бөлігі шоғырланып, соның есесінен жаңағы ісік жойылады.
Кәмшат Құмкеева, пациент:
- Бұл аурумен 2016-дан бері ем алып келемін. Бұны қатерсіз ісік дейді. Омыртқа тұсына шығатын ісік ауруы. Осы айдың екісінде маған екінші отаны жасады. Жақсы шықтым, міне аяғыммен тұрып жүрмін, жүріп жүрмін. Бәрі жақсы.