Елдің шығысына көш түзеген қандастар көбейді

Жыл басынан бері 8 мыңнан астам этникалық қазақ тарихи отанына оралды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олардың жартысы Өзбекстаннан келсе, біршамасы Қытайдан, Ресейден, Моңғолиядан қоныс аударды.

Түрікменстаннан көш түзегендер де көп болды. Мәселен, Сансызбаевтар отбасы өткен күзде Өскеменге келіп орнықты. 5 бала тәрбиелеп отырған  әулеттің туған жерге деген сүйіспеншілігі айырықша. Келешекте мал шаруашылығымен айналысуды жоспарлап отыр.

Нұраддин Сансызбаев Түрікменстанда туып өсті. Жат елде мал өсіріп, шаруашылығын дөңгелетіп, жайбарақат күн кешіп жүргенмен, отанға оралу туралы ой маза бермепті. Сондықтан мемлекеттің қолдауымен туған жерге көшуге бел буған. Бірден табиғаты малға да, жанға да жайлы, - деп елдің шығысына орнығыпты. Қазір Өскеменге әбден үйреністі. Құрылыс саласында еңбек етеді. Қолы қалт етсе, осылай балаларын ертіп, серуендеп, туған жермен таныстырады. Болашақта ата кәсібін жалғастыруға ниетті.

Нұраддин Сансызбаев, қала тұрғыны:

- Келешегін ойладық балалардың, оқыту, сабақ беру дегендей. Түрікменстанда қазақ мектебі жоқ қой енді, содан Қазақстанға кеп оқытсам деп, балалар үшін келдік. Жоспарым сол мал сақтау негізі. Түрікменстанда  мал сақтадым, тауық сақтадым, қолымнан барлық зат келеді. Мамандығым ветеринар.

Көпбалалы болғандықтан, отбасына үй де берілген. Көші-қон шығыны үшін жалпы 1,5 миллион теңге қаржылай көмек көрсетілген. Үлкен балаларының бірі жұмыс істесе, екіншісі – студент. Қалғаны мектеп,балабақша қабырғасында. Айтпақшы, жұбайы Жанар да келе сала еңбекке араласты.

Шеттен келді деп шеттеткен адамды көрмедік, - дейді Жанар. Мемлекеттік балабақшада тәрбиешінің көмекшісі. Бүлдіршіндерді серуендетіп, тамақтандыру, аман-есен ата-анасына табыстау – басты міндеті. Бүгінде әбден ысылып, өз міндетін жауапкершілікпен атқарып жүр.

Жанар Өтеболаева, қала тұрғыны:

- Сол балалар балабақшаға келгенде, өзіме де жұмыс сұраған едім, бірден қабылдады, ұжым жақсы, өзіме де ұнайды, осы істеп жатқан жұмысым балалармен.

Қандастарға да, өзге облыстан көшіп келушілерге де үй алуға 4 миллион теңге қаржылай көмек беріледі. Тіпті олар баспана тапқанша пәтер жалдау ақысына да алаңдамайды.

Динара Қожанова, облыстық Жұмыспен қамту және әлеуметтік қамсыздандыру басқармасы басшысының орынбасары:

- Кей адамдар келгенде пәтер жалдайды үй алмай тұрып, сол себепті пәтер жалдағандарға тиісті құжат жинаса, бір жыл көлемінде пәтер жалдау ақысы төленеді.

Жалпы биыл өлкеге 544 адам қабылдау жоспарланса, соның 190-ы қазір ауыл-аймаққа орнығып үлгерді. Оның 68-і – қандастар.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов.