Семей орманындағы өрт түтіні Жетісу облысына жетті
Абай облысындағы орман өртінің түтіні мың шақырым жердегі Жетісу облысына да жетті.
Желдің бағыты өзгеріп, Алакөл, Ақсу, Сарқан, Ескелді, Көксу аудандары мен Талдықорған қаласын көк түтін басты. Таңертең қалың тұман болды. Енді ғана күннің көзі көрініп, жағдай жақсара бастады. Мұны Қазгидромед өкілдері де растап отыр. Ал төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері өрт қауіпсіздігіне қатысты жағдайдың тұрақты екенін мәлімдеді. Дегенмен, қолқаны қабатын ащы иіс өкпе мен жүрек қан тамырлары ауруларын асқындыруы мүмкін-дейді дәрігерлер. Әсіресе иммунитеті төмен егде жастағылар мен балалардың және жүкті әйелдердің сақтанғаны жөн. Мамандар тұрғындарға көбірек су ішуге, далада ұзақ уақыт жүрмеуге, сыртқа шыққан жағдайда бетперде киюге кеңес береді.
Гүлжан Боталбаева, облыстық аурухананың жансақтау бөлімінің меңгерушісі:
- Маска тағу керек кішкене дымқылдату керек. Ол түтіндегі токсикалық түтіндерді ұстап қалады. Үйде отырғанда ауа кіру үшін үйде форточкаларды есіктерді дымқыл тряпка іліп, оны ауыстырып отырған дұрыс болады. содан кейін отырған ыдысқа су құю керек. Демалып отырған ауа ылғалды болу керек.
Қанат Алтынбеков, облыстық ТЖД бастығының орынбасары:
-Жетісу облысының аумағында түтін басу себебі Абай облысындағы орман өрті салдарынан болып жатыр. Сабырлық сақтауыңызды сұраймыз. Ешқандай өрт жағдайлары болып жатқан жоқ біздің облысымызда.