БҚО ауылдарында құрылыс қарқын алды

Батыс Қазақстан облысында биыл «Ауыл-ел бесігі» бағдарламасы аясында Бумакөл және Жарсуат ауылының көшелеріне жол төселеді.

Тағы 4 елді мекенде электр желілері жаңғыртылады. Ал жыл аяғына дейін өңірде дәл осы мемлекеттік бағдарлама бойынша жалпы құны 10,2 млрд теңгені құрайтын 48 жоба іске асады.

Ақсай қаласынан 35 шақырым жердегі Бумакөлде қазір құрылыс қарқын алған. Ауыр техникалардың гүрілі ауылдағы мүлгіген тыныштықтың мазасын қашырғанына бір айға жуықтады. Күзге дейін мұнда 4 жарым шақырым асфальт төсеп, 2 жарым шақырымға тротуар салу жоспарда. Бұл жұмыстарға республикалық бюджеттен 425 млн теңге бөлінген.

Дастан Ақпанбетов, Бөрлі аудандық ТҮКШ және автокөлік жолдары бөлімінің басшысы:

- Қазір көріп отырсыз, ескі өсімдік қабаты алынып тасталды. 20 см. саз қабаты төселді. Әрі қарай құм төселеді. Құммен қоса 25% 500-дік цемент төселеді. Сосын АНТ қоспасы қосылады. Соның бәрі ресайклер деген техникамыз бар, сонымен араластырып, негізгі қабаты жасалады. Негізгі қабаты бетон сияқты қатып қалады, сосын 6 см ұсақ қиыршықты асфальт төселеді. «Жолымыз осындай жеңілдетілген асфальт», – дейді.

Ауылішілік жол жөндеу жұмыстарының жоба-сметалық құжаттарын осы ауылдың азаматтары жасаған. Сонда бюджетке салмақ түспейді, әрі түрлі рәсімдерге артық уақыт  кетпейді. Қаржы бөлген кезде де жобаны кім жасағаны ескеріледі.

Дастан Ақпанбетов, Бөрлі аудандық ТҮКШ және автокөлік жолдары бөлімінің басшысы:

-Тұрғындар жасаса, жоба бірінші қабылданады. Экономика министрлігінде қорғаймыз. Сонда бірінші өтеді. Біздің жобаларымыз жатып қалады. Өзіміз де жасаймыз ғой.

Ескендір Қаналиев, Бумакөл ауылының тұрғыны: 

- Жастарымызға рақмет. Осы ауыл жігіттері өздерінің қаражаттарына жоба-сметалық құжаттарын жасап, Төлепбергенов Саясат, Тәленов Асхат деген жігіттерге рақмет. Ауылымыз балшық болатын еді. Қазір енді рахаттанамыз ғой, асфальт балаларды балабақшаға апаруға да жақсы болды. Үкімет ауылға көп көңіл бөліп отыр ғой.

Биыл 34 ауылда жалпы құны 10 млрд теңгенің 48 жобасы іске асады. Соның 6 млрды көлік инфрақұрылымын  жақсартуға, 4 миллиард теңгесі әлеуметтік нысандарды жөндеуге жұмсалады.  «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасын тиімді пайдалану үшін  ең алдымен елді мекендер саны ескерілуі керек, - дейді мамандар.

Бибігүл Қонысбаева, БҚО Стратегия және экономикалық даму басқармасының басшысы: 

- 223 перспективтік ауылды елді мекенді өңірлік стандарттарға сәйкес келтіру міндеті туындап тұр. Бөлінген қаражат көлемі 10 шақты жылды қажет етеді. Сондықтан бұл жерде біз айтып отырған мәселе ауылдық елді мекендер санына қарай қаражат бөлу, халықтың санына қарай емес. Себебі бізде былай қарағанда, басқа өңірлермен салыстырғанда ауылдық елді мекендер көп.

Батыс Қазақстан облысындағы 223 ауылдың  78-і тіректі елді мекен, 35-і шекара маңындағы стратегиялық маңыздағы ауылдар санатында. 2027 жылға дейін осы елді мекендердің халқына қолайлы жағдай жасау міндеті қойылған. «Енді тек орталықтан қаржы бөлінсе екен», – дейді мамандар.

Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Қ. Махмудов, Э. Аюпов