Өртпен күреске 600 сарбаз жұмылдырылды
Қарулы Күштердің 600 сарбазы мен 50 техника, 7 тікұшақ Шүлбі, Талица, Озерки, Жерновка және Барышевка учаскелеріндегі тілсіз жаумен күреседі, деп хабарлайды «Хабар 24».
Жағдайды әуеден 3 дрон бақылайды. Сондай-ақ өрт сөндірушілерге әскери авиация әуеден қолдау көрсетеді. Бұл бағытта 69 адамнан тұратын 23 ұшу экипажы жасақталған. Қазір жұмысқа кірісті. «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының командирі Қуанышбек Үштаев әскерилердің уақытылы тамақтануы мен демалып күш жинауына жағдай бар дейді.
Қуанышбек Үштаев, «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы:
- Қазіргі уақытта осы Абай облысында орын алған орман өрттерінің зардаптарын жою бойынша Қарулы Күштер, оның ішінде «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының жеке құрамы жұмыс жасап жатыр. Біздің алға қойған негізгі мақсатымыз – осы тілсіз жауды тоқтату, еліміздің тыныштығын қамтамасыз ету.