Семей маңындағы елді мекендерге қауіп төніп тұрған жоқ
Семейдегі эвакуациялық бекеттерге қала маңындағы елді мекендердің тұрғындары орналастырылды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Қазір мұнда 3 ауылдан 189 адам уақытша тұрып жатыр. Оның 70-тен астамы – бала. Облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев үйлерінен үдере көшкен халықпен кездесіп, хал-жағдайын біліп қайтты.
Бұлақ ауылының тұрғыны Досхан Болатбек Құрылыс колледжінің жатақханасына 2 күн бұрын жеткен. Ол Семейден 40 шақырым жердегі ауылдан түн ішінде келіпті. Бекетте жағдай жасалғанымен ауылы мен үй-жайын алаңдап отырғанын да жасырмады.
Досхан Болатбек, Бұлақ ауылының тұрғыны:
- Әкеліп, көмектесіп жатқандарына рақмет. Бірақ бір күндік тіршілігіміз қажет. Мал қамауда жатыр. Шықпапты малымыз. Өкіріп тұр. Ыстықта обал ғой. Су құю керек, шөп салу керек деген сияқты.
Әбдібек Кәдірбеков, Талица ауылының тұрғыны:
- Бәрі ұйымдастырылған. Бәрі уақытында болады. Таңертеңгі тамақ, кешкі тамақ. Дәрігерлер кеп қарап жатыр. Жағдайлары келгенше. Тезірек ауылға қайтсақ сол. Үй аман болса болды.
Облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев тұрғындармен пікірлесіп, ауыл-аймақтарының дін аман екенін, қазір елді мекендерге ешқандай қауіп жоқтығын жеткізді.
Нұрлан Ұранхаев, облыс әкімі:
- Қазіргі таңда қауіп жоқ. Өзіңің біліп отырсыз, 2 ғана бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Біреуі ол Каштак жақта, екіншісі Жерновка-Шүлбі жағында жұмыс жасап жатырмыз. Жерновка-Шүлбі бағытында 300-ге жуық жеке құрам жұмыс жасап жатыр. 40-тай техника, 6 тікұшақ ұшып жүр. Жұмыс жасап. Ал Каштак жақта 200-ге жуық жеке құрам, 30-ға техника, 3 тікұшақ жұмыс істеп жатыр.
Қазір Семейдегі 2 жатақханада 3 ауылдың 189 тұрғыны уақытша тұрып жатыр. Өрт өршіген жағдайда халықты қауіпсіз жерге көшіру үшін қалада 9 эвакуациялық орын дайындалған.
Авторлары: Азамат Қасым, Берік Жобалайұлы.