Қазақстанда қолма-қол ақшаға сұраныс азайды
Қаражатын әмиянында ұстайтындардың үлесі небәрі 15 процент.
Мәселен биыл қаңтар-ақпан айларында азаматтар жалпы көлемі 3 трлн теңгені банкоматтан шешіп алған. Әсіресе алматылықтар картадағы қаржысын қағаз ақшаға көп айырбастайды. Жыл басынан бері шаһар тұрғындары шамамен 824 млрд теңгені қолма-қол ақшаға ауыстырған.
Көп кәсіпкер қолма-қол ақшаны пайдаланудан біржола бас тартқан сияқты. Мәселен, дүкендер мен дәріханаларда, кафелерде банкнот қабылдамайтын болған. Әдетте «қайтаратын артық ақша жоқ» деп қысқа қайырады», - дейді шағымданушылар. Ал түрлі себеппен банк карточкасы бұғатталып қалғандар қоғамдық көлікпен де жүруден қалды.
Ғалымжан Шеріпбаев, Жолаушылар тасымалдау компаниясы төлем жүйесі департаментінің бас менеджері:
- Қазіргі уақытта қолма-қол ақшамен төлеу тоқтатылды. Біріншіден, бұл қауіпсіздік үшін жасалған шара. Екіншіден, пандемия кезінде пандемиядан кейін тоқтатылды. Шоттарында қандай да бір шектеулер қойылған азаматтарға мобильді операторлардың қосымшалары арқылы төлеуге болады. Ол кезде телефонның балансынан шешіледі. Екінші, ол негізгі тәсілін қолдану. Көлік картасын сатып алу және толтыру арқылы.
- Автобуспен жүрмеймін, өз көлігіммен жүремін. Дүкенде телефонмен төлеймін.
- Қолма-қол ақшамды қабылдамаған кездер болды. Қайтаратын артық ақша жоқ деп түсіндірді. Көбіне шағын азық-түлік дүкендерінде жиі кездесетін жағдай.
Мұндай жағдайда тұтынушы құқығы бұзылатыны анық. Көңілі толмаған клиент не істеу керек? Алдымен қаржы полициясына шағымдануға болады. Өйткені «ұлттық валютаны қабылдамау немесе артық ақшаны қайтармау - заңға қайшы», - дейді заңгерлер.
Марат Бәшімов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Айырмашылық болмау керек. Бізде заң біреу. Сен нақты түрде қолма-қол ақшаны беру керексің. Артық ақшаны қайтарып беру керек. Заң үстемдігі бірінші орында тұру керек.
Бұл жерде уәкілетті орган Ұлттық банк мәселеге араласып, заң бұзушылықтардың алдын алуы қажет. Қазақстан заңгерлер одағы қалалық филиалының төрағасы Серік Беркамалов осылай дейді.
Серік Беркамалов, Қазақстан заңгерлер одағы қалалық филиалының төрағасы:
- Азаматтардан қолма-қол ақшаны қабылдамаған кәсіпорын немесе жеке кәсіпкер әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Әкімшілік құқық бұзушылық Кодексіндегі 206 бапқа сәйкес, ұлттық валюта банкноттары мен тиындарын қабылдаудан бас тарту заңға қайшы деп жазылған. Бұл ережені белден басқандар алғашында ескерту алады. Бір жыл ішінде жағдай қайталанса, айыпталушы тарап төлейтін айыппұл мөлшері 5 айлық есептік көрсеткіш көлемінен басталады. Бұл шамамен 18 мың теңгеге жуықтайды.
Кез келген саудада онлайн ақшаға таңдау түсетіні түсінікті. Біріншіден, сатушы да, сатып алушы да үстеме пайызын алғысы келеді. Ал қаржысын онлайн депозитте сақтайтындар ай сайынғы бонусқа кенеледі. Банкоматтан қолма-қол ақша алған кезде комиссия ұсталады. Сондықтан басымдық тек онлайн ақшаға түсетіні жасырын емес.
Авторлары: Мирлан Алтынбек, Индира Ахат, Наурызбай Құрманғазы