Қарағанды облысында 20 мыңнан астам балаға алимент төленбеген
Қарағанды облысында 20 мыңнан астам балаға жалпы көлемі 1,7 млрд теңге алимент төленбеген, деп хабарлайды «Хабар 24».
Төлемнен жалтарған ата-аналар енді қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Прокурорлар алимент төлемегендердің көбі табысын жасырып келгенін анықтапты. 86 адамның жасырын кірісі белгілі болды және балалардың пайдасына борышкерлерден мал мен арнайы техника өндіріліп алынды. Алимент төлемегендерге шетелге шығуға тыйым салынып отыр. Оған қоса прокурорлар ата-аналық міндетін орындамағаны үшін 2 жылға бас бостандығынан айыру жазасы бар екенін де ескертеді.
Бекзат Ахметов, облыстық прокуратураның басқарма бастығы:
- Өңірде алимент төлеуден жалтарып жүргендер азаяр емес. Өйткені жауапты органдар өз ісіне немқұрайлы қарап, басқа да мемлекеттік мекемелермен жүйелі жұмыс істемеген. Облыс прокуратурасы министрліктің атына қадағалау актісін жолдады. Алиментті әдейі төлемей жүргендердің мәселесі Қылмыстық кодекстің 139-бабы бойынша қаралатын болады.