Абай облысында эвакуацияланған тұрғындар үйіне оралды
Абай облысындағы жағдай толық тұрақталып, эвакуацияланған тұрғындар үйіне қайтып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».
Өңірде өрттің таралуына байланысты олар қауіпсіз жерге көшірілген.
Семейдің іргесіндегі 3 ауылдың 200-ге жуық тұрғыны қаладағы колледж жатақханаларына орналасқан.
Азамат Қасым, тілші:
- 5 күн бойы Семейдегі электротехникалық колледждің жатақханасында тұрған Талица мен Половинка ауылының тұрғындары қайтуға жиналып жатыр. Қазір олар автобустарға отырып, үйлеріне барады.
Күлбаран Қадырбекова, Талица ауылының тұрғыны:
- Енді әйбат хабар келді. Өрт сөндірілді. Күн ашық, үйге қайтасыз деп. «Ура» деп қуанып жатырмыз. Уақыт әйбат өтті. Немене, дайын тамақ. 3 рет. Үлкен шәугімді қойып қойды. Шәй ішсеңіздер болады деп.
Әділбек Үдебеков, Талица ауылының тұрғыны:
- Алты күн осындамыз. Қайтамыз деп автобусты күтіп тұрмыз. Болды енді. Бәрі жақсы. Құдай бұйырса, жаңа өмір бастаймыз. Өңірге жан-жақтан көмек қолын созғандар легі де толастар емес. Қарағанды, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстары мен Астана қаласынан гуманитарлық көмек келді.
Қуаныш Сүлейменов, облыстық мәслихат төрағасы:
- Қазір Астана қаласынан 7 көлік келіп жатыр. Осының ішінде, көргендеріңіздей, барлық керек заттар. Осы жағдайдағы тамақ дайындау үшін заттар кеп жатыр. Барлық кеп жатқан заттардың тізімін жасап, тізім бойынша жауапты кісілерге таратып жатырмыз.
Ал жаңадан тағайындалған Төтенше жағдай министрі Сырым Шәріпханов 7 күн бойы өртпен арпалыста сыр бермеген әріптестеріне алғысын білдірді.
Сырым Шәріпханов, ҚР Төтенше жағдайлар министрі:
- Бір апта бойы сіздер мына жерде қызмет еттіңіздер, күрес болды. Тілсіз жау, өрт пенен. Сіздерге баршаңызға айтатыным, тек қана осы алған сабақты. Қалай оны шешу керек екенін және әртүрлі өрт сөндірудің тәсілдерін, соны өздеріңіз талдау жасап, өздеріңіздің қызметтеріңізге пайдалану керек.
60 мың гектарға жайылған қызыл жалынның негізгі ошақтары сөндірілді. Қазір өрт сөндірушілер қоламтаға су себу, құм төгу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Оқиға орнына 1800-ге жуық адам мен 350-ден астам техника жұмылдырылған.
Авторлары: Азамат Қасым, Берік Жобалайұлы.