Ақтауда кен орнындағы өртті сөндіру әдісі табылды
Маңғыстау облысындағы «Оңтүстік Қаратұрын» мұнай кен орнында өрт әлі өшірілген жоқ, деп хабарлайды «Хабар 24».
Қызыл жалын 9 маусымда ұңғыманы жөндеу кезінде газ аралас ауа атқылауынан пайда болған. Аумақта диаметрі 25 метрдей терең шұңқыр пайда болып, жер бетіндегі құрал-жабдықтар төмен түсіп кеткен. Қазір ұңғыма жанынан көлденең қазу арқылы бұрғылауға шешім қабылданды. Мұндай күрделі жұмысты атқаратын мекеме Ақтауда бар. «Алдымен жобалық-сметалық құжат әзірленеді. Оған бірнеше тәулік уақыт керек. Содан соң өртті сөндіру басталады», - дейді мамандар.
Рахман Қалиев, «ҚР ТЖМ Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті» РММ облыстық департаментінің директоры:
- Жобалық құжаттама дайындайтын мекемемен біздің департаментте отырыс ұйымдастырылды. Сол отырыста барынша тездетіп орындап, сол апатты жою мақсатында барлық мекемеге тиісті тапсырма берілді. Бүгін-ертең құжат дайындалатын болса, бұрғылайтын мекеме құрал-жабдықтарын сол жақта орналастырып, сосын қазу жұмыстарын бастайды.