Ақтауда Ұлттық ұлан дайындығын пысықтады
Ақтауда Ұлттық ұлан төтенше жағдай кезіндегі ұрыс тәсілдерін пысықтады, деп хабарлайды «Хабар 24».
Оқу-жаттығу түзету мекемесін қорғау, сотталушылардың қашып шығуына мүмкіндік бермеуді көздейді. Сарбаздар мен командирлердің тапсырмаларды мүлтіксіз орындауы «Батыс» өңірлік қолбасшылығы тарапынан жоғары бағаланды.
Бұл – Ұлттық ұланның әскери жаттығу өткізетін алаңы. Осы жерде жедел мақсаттағы батальон, рота жауынгерлері мен командирлерінің бірлескен жаттығуы өтеді. Әркез жауынгерлік сабақтардың тақырыбы өзгеріп тұрады. Бұл жолы жеке құрам ереуіл кезіндегі қарулы топтың бетін қайтару тәсілдерін қайталады. Сарбаздардың мүлтіксіз әрекет етуі – сардарлар еңбегінің жемісі.
Әліби Алмағанбетов, 6656 әскери бөлімінің рота командирі:
- Жинаған білімімізді практикада тексеру. Сынау және сондай-ақ біздің қарумен, оқ-дәрілермен, басқа да заттармен жұмыс істеген кезде өз бойында сенімділікті арттыру мақсатында осы оқу-әдістемелік жиын өтіп жатыр.
Автомат дала жағдайында тиімді саналады. Ал жақын қашықтықтан атылған оқ қатты затқа тиіп, кері ұшқан жағдайда сарбазға тиіп кету қаупі бар. Сол себепті Ұлттық ұлан көше шайқасында «Макаров» пистолеті және помпалы мылтықты қолданады. Алдымен командирлер өз шеберлігін көрсетіп, содан соң жауынгерлер кезекпен нысана көздеді.
Болатбек Мұхаметқалиев, 6656 әскери бөлімінің командирі:
- Басты мақсат – командирлердің біліктілігін сынақтан өткізу. Сонымен қатар броньдалған ауыр техникалар және көптеген құрамдардың қару-жарақтарын бағалау.
Тактикалық дәріс соңында Ұлттық ұлан жұмысы барлық ережеге сай деген баға берілді. Ақтаулық жауынгерлер 20-24 маусым аралығында Қарағанды қаласында өтетін әскери жиынға қатысады.
Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев.