Ұлттық құрылтайда «Ғылым және білім» тақырыбы талқылануда
Ұлттық құрылтайдың бүгінгі күнгі соңғы секциясында «Ғылым және білім» тақырыбы талқыланып жатыр.
Сарапшылар мен ғалымдар осы саласындағы өзекті мәселелерді орта салып, шешу жолдарын бірлесіп іздестіруде.
Жандос Жұмабек, тілші:
- Білім және ғылым саласында мәселе аз емес. Оны бүгінгі құрылтайға жиналған сарапшылар да айтуда. Әсіресе, «ауылдық жерде орналасқан мекемелер бүгінгі күнгі білім беру талаптарына сай келмейді» дейді.
Көптеген білім ошақтарында спорт залдары мен ойын алаңшалары жоқ. Концерт залы мен асхана, шеберхана қарастырылмаған. Сондықтан білім саласы түбегейлі жаңғыртуды қажет ететінін айтады. Бұдан бөлек, ерекше күтімді қажет ететін балалар үшін инклюзивті мектептердің санын артту да кезек күттірмейтін мәселе. Себебі елімізде дамуы кешеуілдеген бүлдіршіндердің саны жыл санап артып келеді дейді мамандар.
Эмин Аскеров, Ұлттық құрылтай мүшесі:
- Бұл біреулерге кішкентай мәселе болып көрінуі мүмкін. Бірақ біз бұған басқаша көзқараспен қатауымыз керек. Мейлі ол қандай бала болса, біріншіден ол - адам. Ал адам құқығы мен тағдыры біздің елде бірінші орында тұрады. Дамуы кешеуілген балалар саны көбейіп келе жатқандықтан осы бағыттағы балабақшалар өте аз. Жетіспейді деуге болады. Ал оларды үлкен қалаларға апарып, дамытуға ата-аналарының қалтасы көтемейді. Сондықтан мемлекет әлеуметтік кәсіпкерлік саласын дамытуды қолға алуы керек. Әйтпесе ертең қоғамда өз орнын таба алмай, мемлекетке масыл болатын адамдардың қатары көбейетін болады.
Айта кетейік, жиында бала тәрбиесі мен жастар саясаты, ғылым мен білім саласындағы жетістіктер мен кемшіліктер, кезек күттірмейтін өзекті мәселелер жан-жақты талқыланды. Сарапшылар мәселе тек көтеріліп қана қоймай шешілуі тиіс екенін жеткізді. Ол үшін арнайы бағдарламалар қабылданып, жобалар жүзеге асырылатын болады.