Елордада «EDU Stream ZHULDYZDARY» жеңімпаздары марапатталды

Елордада ағылшын тілі ұстаздары мен оқушылары арасында өткен Республикалық «EDU Stream ZHULDYZDARY» байқауының жеңімпаздары марапатталды.

Дәстүрлі шара 7-ші мәрте ұйымдастырылды. Биыл конкурсқа 2 мыңнан астам мұғалім мен мың жарым оқушы қатысты. Олар ағылшынша эссе жазып, бейнежазба түсірді. Тест тапсырды. Әсіресе, шалғай ауылдардан келген балалар мен оқытушылар белсенділік танытты. Ағылшын тілін жетік меңгергенін көрсетіп, жеңімпаздар қатарынан көрінді. Жалпы 37 қатысушы жүлделі орынға ие болды. Осыған дейін конкурс озаттары беделді отандық және шетелдік жоғары оқу орындарына түсіп, IELTS-тан жоғары балл алған.

Айназым Досан, «EDU Stream ZHULDYZDARY» байқауының 3 орын иегері:

- Бұл жарысты маған апайларым айтты. Ютубтан да көрдім. Менің де қатысуға мүмкіндігім бар болған соң, қатыстым. Тәжірибе жинап, бағымды сынайын дедім.

Гүлнар Омарова, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі:

- Мемлекеттік тілге көп көңіл бөліп жатырмыз. Сонымен қатар, халықаралық ағылшын тілін де балалар меңгерсе, біздің экономикамыз да, мәдениетіміз де, білім де, ғылым да, барлығы дамиды. Сондықтан, «EDU Stream ZHULDYZDARY» бұл жоба өте маңызды, қажет жоба.