Ертең Қ. Тоқаев Ұлттық құрылтайдың екінші отырысын өткізеді
Ертең Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан қаласында Ұлттық құрылтайдың екінші отырысын өткізеді.
Бүгін шағын топтармен бірнеше секция отырысы өтті. Оның аясында қоғамды жаңғырту, мәдени-рухани даму, этносаралық бірлестікті нығайту, әдебиет пен отандық киноны дамыту және білім-ғылым саласындағы тақырыптар қозғалды.
Жандос Жұмабек, тілші:
Тұтас түркінің төрі саналатын Түркістандағы Ұлы жиынға ұлтқа қызмет етіп жүрген барлық саланың майталмандары мен зиялы қауым өкілдері, ғалымдар мен жалпы қоғамдық пікір көшбасшылары жиналды. Құрылтайдың алғашқы күні 3 жұмыс секциясы өтті. Онда қоғамды жаңғырту, мәдени-рухани даму, сондай-ақ білім және ғылым саласындағы өзекті мәселелер жан-жақты талқыланып, шешу жолдары ұсынылды.
Бірінші сессияда Ұлттық құрылтай мүшелері азаматтық қоғамды дамыту, этносаралық бірлікті нығайту, қоғамдық бірлестіктердің қызметін заңнамалық реттеу, ұлттық идеология, өңірлердегі қоғамдық кеңестердің рөлі мәселелерін талқылады. Қоғам тарапынан келіп түскен бірқатар мәселелер де құрылтайда қаралды. Ол үшін былтыр Egov платформасында арнайы өтініш қабылдау тетігі іске қосылды. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің хабарлауынша, оған 11 бағыттағы 424 ұсыныс келіп түскен. Сондай-ақ ұлттық құрылтайдың жұмысын насихаттайтын арнайы бағдарламалар ашылған.
Дархан Қыдырәлі, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі:
- Осы жылдың басынан бері айына бір рет «Хабар» телеарансынада Ұлттық құрылтай атты бағдарлама көрсетіліп келеді. Оған әр кезеңде әртүрлі өңір қосылады. Бағдарламада сарапшылар елімізді дамытатын ұсыныстарды талқылайды. Оның түсірлімі қазірге дейін жарыққа шықты. Әр бағдарлама арнайы тақырыпқа түсіріледі және оған құрылтай мүшелері кезекпен шақырылады.
Секция аясында құрылтай мүшелері қазіргі ақын-жазушылардың шығармаларында ұлттық құндылықтарға басымдық беру, отандық әдебиет пен киноны дамыту жайын талқылады. Сарапшылар мұражайлар мен мәдени орталықтар және кітапханалардың жағдайын жақсарту қажет деген ойын ортаға салды.
Азамат Сатыбалды, Ұлттық құрылтай мүшесі:
- Біз әрине тек қана коммерциялық бағыттағы киноларды көріп жатырмыз. Бұл комедия, оны түсінеміз. Өте жақсы нәрсе, ол болуы керек. Соның қасына басқа анологы бар, қазақфильм түсірген мемлекеттік деңгейдегі басқа жанрлардағы кино көрсететін кинотеатрлар салуымыз керек. Өйткені, біздің мемлекетте 68 мемлекеттік театр бар. Бірде-бір мемлекеттік кинотеатр жоқ.
Сонымен қатар алқалы жиында ұлттық құндылықтар, дін, мемлекеттік тіл саясаты жайында да құнды пікірлер айтылды. Құрылтай мүшелері тіл – ұлтты ұйыстырып, бірлігіміздің бекемдеудің негізгі құралы дейді.
Шерзод Пулатов, Ұлттық құрылтай мүшесі:
- Осы бірлігімізді сақтау үшін біз мемлекеттік тілдің төңірегінде ұйысуымыз керек. Мемлекеттік тілді дамытуымыз керек жәнеоған ерекше мәрте беруіміз керек. Оны мен әрқагшан қозғап келемін. Бір-бірімізді қолдап, бір-бірімізге қол созатын болсақ, соз кезде біз бірлігімізді сақтай аламыз.
Қатысушылар екінші құрылтайдың киелі Түркістанда өткізуінде үлкен мән жатқанын айтады. «Ұлттық құндылықтарға негізделген идеология ғана қоғамның тұрақтылығы мен өркениеттілігін қамтамасыз ете алады»,-дейді белігілі ғалым Дихан Қамзабек.
Дихан Қамзабек, Ұлттық құрылтай мүшесі:
- Біз бұрында айтушы едік қой, бірінші – экономика, екінші – идеология деп. Керісінше осынның қайсы алға шығу керек дегенде – біз айтамыз екеуі тең жүруі керек. Бірін-бірі кейін қалдыра тұру деген нәрсе болмайды. Қазақ халқының 70 пайыздан асқанын есерсек, сол үдеден қарауымыз керек. Халықтың сұранымына сай қызмет етуіміз керек.
Жұмыс секциялары барысында көтерілген бастамалар іске асуы үшін арнайы іс-шаралар жоспары әзірленеді. Яғни сарапшылар айтқанымыз сөз күйінде қалмайды деп отыр. Сондай-ақ Ұлттық құрылтайдың ресми сайты мен әлеуметтік желілердегі аккаунттары іске қосылды. Осылайша Ұлттық құрылтай азаматтардың шағымдарын жинайтын ашық диалог алаңына айналып отыр. Ал Ұлттық құрылтайдың негізгі отырысы ертең Мемлекет басшысының қатысуымен өтеді.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш