Премьер-министр ШҚО-ның жаңа әкіміне тапсырма берді
Үкімет басшысы Шығыс Қазақстан облысының жаңа әкімін таныстырды.
Әлихан Смайылов Ермек Көшербаев аймақты дамыту үшін бар білімі мен тәжірибесін жұмсайтынына сенім білдірді. Премьер-министр жаңа әкімге азаматтардың әл-ауқатын арттыру, инфрақұрылымды жаңғырту, өңірлік экономиканы дамыту жұмыстарын жалғастыруды тапсырды. Жаңа ұлттық жобалар аясында облыста 4 мың оқушыға арналған 10 жайлы мектеп және 36 алғашқы медициналық-санитарлық көмек мекемесі салынады, сондай-ақ бір аудандық аурухананы жаңғырту жүргізіледі.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:
- Тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамту, электрмен жабдықтау, әлеуметтік нысандарды жаңғырту мәселелерін шешу - жергілікті атқарушы биліктің алдына қойылатын басты міндеті. Жергілікті жолдардың сапасын жақсартуда жұмысты күшейту қажет. Ағымдағы жыл басынан республикалық бюджеттен ШҚР-ға 57 миллиард теңге сомасында трансферттер бөлінді.