Қарағандыда «Scania» жүк көліктерінің өндірісі іске қосылды

Отандық машина жасау саласы әлемге танымал тағы бір брэндпен толықты.

Швециялық «Сканиа» жүк көліктері Қарағандыда құрастырылады. Жаңа өндіріс Казтехно зауытында пайда болды.

Қазтехно зауытында бұл жүк көлігінің қаңқасы кездейсоқ пайда болған жоқ. Мұнда әлемге танымал Ютонг фирмасының автобустары құрастырылады. Жыл басынан бері қоғамдық көліктің 400 данасы шығарылған. Енді қызметкерлердің жоғары біліктілігі арқасында жаңа жобаны жүзеге асыру мүмкіндігі туды. 

Роман Кривопаленко, "Казтехно" зауытының техникалық дамыту директоры:

- Кәсіпорнымыздың құрылғанына көп уақыт болған жоқ. Бірақ 3 жылдың ішінде көп тәжірибе жинақтап, біліктілігіміз артты. Енді коммерциялық бағытта техника шығаратын Сканиа компаниясымен әріптестік орнаттық.

Сканиа - Швецияны әлемге танымал еткен бірден-бір брэнд. Мұнда инновация мен даму үйлесім тапқандай. Бірлескен өндірісті іске асыру идеясы бір жарым жыл бұрын пайда болды. 

Ева Пулано, Швецияның Қазақстандағы елшісі: 

- Бүгін Швеция мен Қазақстан арасындағы ықпалдастықты дамытуда маңызды қадам жасалды. Зауыттың жетістіктері таң қалдырады. Сканианың Қазақстанды таңдауы дұрыс шешім болды. Қазақстан тек шикізатқа бай емес, өндіріске мол инвестиция тартуымен өзгелерге үлгі. Әрине бұл ретте мемлекет басшысының қосқан үлесі сүбелі. Сіздің ел  швециялық инвесторлардан бөлек бүкіл Еуропаның назарына ие.

Бұл көліктерге ел ішінде, шетелде де сұраныс жоғары. Осылайша Қазақстанда жасалған алғашқы 5 жүк көлігі жолға аттанды. 

Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Юлана Чаус