Жетісу облысында мал шаруашылығы көрме-конференциясы басталды
Жетісу облысының Алакөл ауданына қарасты Лепсі ауылында республикалық мал шаруашылығы көрме-конференциясы басталды. Онда отандық және шетелдік сарапшылардың қатысуымен мал шаруашылығының жай-күйі талқыланып жатыр. Көрмеге қатысушылар аукцион арқылы асыл тұқымды мал басын сатып алуға мүмкіндік алды.
Ардақ Айбарұлы, тілші:
Алакөл ауданында өтіп жатқан мал шаруашылығы көрме конференциясына он шақты елден меймандар келді. Мұнда Қазақстанның өзінен 400-ге жуық шаруашылықтың өкілі қатысып жатыр. Конференция барысында мал тұқымын асылдандыру мен ет экспортын дамыту мәселелері жан-жақты талқыланды.
Отандық сарапшылар еліміздегі мал шаруашылығы саласы ақсап тұр деген пікірді алға тартты.
Мәселен, Бразилия мен Қазақстанның жайылым көлемі 185 миллион гектардай. Бірақ Бразилиядағы ірі қара саны 240 миллион басқа жетсе, біздің еліміздегі ірі қара мал басы 8 миллиондай ғана. «Екі елдің климаттық жағдайын ескергеннің өзінде Қазақстан үшін бұл өте төмен көрсеткіш», - дейді сарапшылар.
Айдарбек Қожаназаров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Сыртқы нарықты ашу керек. Экспортты ашу керек. Сонда бұл сала қызығушылық тудырады. Қызығушылық туса, инвестиция келеді. Инвестиция келсе, малдың саны көбейеді. Малдың саны көбейсе, баға түседі.
Мал шаруашылығы көрме-конференциясын ұйымдастырушылар саланы ілгерілету үшін отандық ветеринарияны дамыту қажет деген пікірде. Сонда ғана қазір туындап отырған ет экспорты мәселесі біртіндеп шешіле бастайды.
Бауыржан Оспанов, шараны ұйымдастырушы:
- Халықаралық ұйымдар жаңағы аурулар шығып қалса Қазақстанның ішінде, оны өте қатты қадағалайды. Өз мемлекеттеріне кіргізбейді. Сондықтан малдың ветеринария дейміз ғой, осы салаларға үкімет қатты көңіл бөліп, аурулар шығып жатқанда, ол тірі мал болғаннан кейін әр региондарда болып тұрады. Аудан немесе облыс көлемінде сол жерлерде шешілуі керек. Оған бір системный жұмыс керек.
Ұлыбританиядағы Абердин-Ангус мал асыраушылар қоғамының президенті Ангус Стовольд көрмеге қазылық жасау үшін арнайы келіпті. Мұнда ертең «Тұқым чемпионы – 2023» атағы үшін байқау өтеді.
Ангус Стовольд Ұлыбританиядағы Абердин-ангус мал асыраушылар қоғамының президенті:
- Абердин-ангус тұқымы бұл күнде әлем елдерінің 80-90 пайызын жаулап алды деп нық сеніммен айта аламын. Соның ішінде Қазақстанмен де қызу жұмыс істеп жатырмыз. Ертең «Тұқым чемпионы – 2023» байқауының жеңімпаздарын анықтаймыз.
Бір айта кетерлігі, мұнда асыл тұқымды малдың салмағына ғана емес, етінің сапасына да көңіл бөлінеді. Аспаздар жаңа сойылған мал етінен стейк жасап, сарапшыларға тартады. Бүгінгі шара барысында отандық және шетелдік мамандарды қатты қызықтырған мал тұқымының бірі Еділбай қойы болды. Батыс Қазақстан облысының Жаңақала ауданында орналасқан «Бірлік» асыл тұқымды қой зауыты Алакөлдегі көрмеге 4 мың шақырым жерден қошқарларын алып келген.
Қанат Ешімов, серіктестік директоры:
- Еділбай қойының өзіндік ерекшелігі салқынға да, аязға да төзімді келеді. Ыстыққа да төзімді болады және өзінің төлдерінің тез жетілгіштігі, былайша айтқанда бұның өзіндік құнының төмендігі. Сондықтан Еділбай қойын басатын салмағы жөнінен, еттің сапасы жөнінен тұқым жоқ деп есептейміз.
Ертең мұнда аукцион өтеді. Көрмеге әкелінген Еділбай және Гиссар тұқымды қошқарлардың бастапқы бағасы 200 мың және 2.5 млн теңгеден басталады. Лепсідегі мал шаруашылығы көрмесі чемпион атанған тұқымдарды марапаттаумен, аламан бәйгеге және балуандар күресіне ұласады.
Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Жеңіс Әбдірешев