Алматылықтар судан тарығып отыр
Су тапшылығы алматылықтарды да алаңдатып отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».
Әсіресе жаз шығысымен тау етегіндегі аудан тұрғындары ауызсуға зәру болып қалады. Олардың айтуынша, бұл мәселе жыл сайын қайталанады. Бұған құрылыс жүргізіп жатқан компаниялар кінәлі, - дейді жұрт.
«Каменское плато» шағын ауданының тұрғындары жаз шығысымен сусыз қалады. Ондағы жұртшылық күніміз суды аңдумен өтеді дейді. Бұл аймаққа су Каменское үстіртіндегі 3 ескі ұңғыма арқылы келеді. Мамандар су қысымының төмендеуінің басты себебін халық санының күрт өсуімен байланыстырады. Мәселен, ұңғымадағы су деңгейі 2,5 есеге азайып кеткен.
Майра Асқарова, қала тұрғыны:
- Иә, олар солай деп айтты былтыр қыста. Режиммен береміз деді, бірақ ешқандай да режимдері жоқ. Ешқандай да, өтірік. Таңертең береміз дейді. Таңертең жоқ. Кешке береміз дейді. Кешке жоқ. Сонда біздер суымызға да түсе алмаймыз, ішетін де суымыз жоқ. Өтірік айтады, ешқандай да бұл жерде график жоқ.
Наталья Коржова, қала тұрғыны:
- 30 жылда қаншама үй салынды. Бірақ жаңа коммуникация жүргізілмеді. Сол тұрғын үйлер мен ғимараттардың барлығы бұрынғы ескі жүйені пайдаланады. Әрине, содан кейін су болмайды.
Жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, осы аумақты сумен қамтамасыз ету үшін 4 ұңғыма мен су резервуарының жобасы әзірленіп жатыр. Бұл Каменское үстірті, Көлсай, Мерейтой және Мұзтау шағын аудандарын сумен қамтамасыз етеді. Өткен айда басталған жұмыс осы жылдың соңына дейін аяқталады деп жоспарланған.
Еркебұлан Оразалин, Медеу ауданының әкімі:
- Жалпы Каменское плато ықшам ауданында бүгінгі таңда ресми мәліметтер бойынша 9 мыңға жуық адам тұрады. Енді басқа да мәліметтер бойынша 12 мыңнан 15 мыңға дейін жуық азамат тұрады. Оның бүгінгі таңда жартысы ғана Алматы су желілеріне қосылған. Соңғы 5-6 жылдарда сол қосылған абонементтердің жартысы жаздың кезінде су жетіспеушілігін, енді су жетіспеушілік проблемасы күнделікті жыл сайын өздерінің алдарынан шығады.
Бостандық ауданының тұрғындарының да су мәселесін көтергелі біраз болды. Осы айдың басында аптап ыстықта Ремизовкадағы бірнеше тұрғын үй мен саяжай кешендері судан әбден ташпылық көрді. Басты себеп: су сорғылар ескіріп кеткен. Қуаты жетпейді. Бұл аумақтың суына «Орхан» серіктестігі жауапты. Мұндағы жұртшылық жағдайдың жақсы жаққа өзгеретініне сенбейді. Сондықтан биліктен өздерін орталықтандырылғын су құбырына қосуды сұрап отыр.
Әсия Дәмитова, қала тұрғыны:
- Мұндай маңызды кәсіпорындардың бәрі мемлекет меншігінде болуы керек деп есептейміз. Ал мемлекет тікелей халық алдында жауапты болуы керек. Жеке компаниялардың жөні мүлдем бөлек. Олардың инвестиция салатыны бар, салмайтыны да бар. Көбі бірнеше жыл бұрын жекешелендіріп алған кезде қандай болды. Сол күйде ұстап келеді. Бұл жердегі «Орхан» дәл солардың қатарында.
Өздерінің міндетіне салғырт қараған жеке компаниялардың кесірінен Ерменсай, Асқартау, Ақтөбе шағын аудандары мен Ремизовка, Курортное және Достық деп аталатын бау-бақша серіктестіктері де суға зәру. Олардың меншігінде 50 шақырымға жуық су құбыры және 25 шақырым кәріз жүйесі бар. Тұрғындармен кездескен әкімдік пен мекеме өкілдері келісе отырып, мәселені көп ұзатпай шешеміз деп тарасты. Ал жұртшылықтың күткеннен басқа амалы жоқ.
Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Сұлтан Бейсекенов.