Ақтөбеде өнертапқыштар құрастырған көліктер көрмесі өтті
Ақтөбеде күннен қуат алатын көліктер көрмесі өтіп, жұртшылықтың қызығушылығын тудырды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Өнертапқыштар құрастырған көліктер жүздеген шақырым жол жүре алады.
Бұл – Владимир Силевичтің қолдан құрастырған 2-ші көлігі. Электронды тұрмыстық заттарды жөндеуге жастайынан машықтанған ол күн көзінен қуат алатын техниканы 2 ай ішінде жасап шығарған. Әрі былтырғы туындысына қарағанда жаңасы әлдеқайда күшті және сағатына 46 шақырымды жүріп өте алады.
Владимир Силевич, қала тұрғыны:
- Мына көлігім сынақтан жақсы өтті. Салмағы жеңіл болғанымен, желдің екпінін де жақсы ұстай алады. Жылдамдығы да бұрыңғы нұсқасына қарағанда тез артады. Тоқтамастан күніне 150 шақырымды бағындыруға болады.
Көрмеге қатысқан Никита Поддубнов Ресейдің Самара қаласынан келген. Жол бойы өзі құрастырған вилосипедтің қуаты еш үзілмегенін айтады. Күн қатты ысығанда жүрісі де жылдам болған.
Никита Поддубнов, Санкт-Петербург қаласының тұрғыны:
- Күн сәулесі мынадай арнайы жұқа панелдерге түсіп, аккумулятор қуатталады. Мен газ түймесін басқанда дөңгелектерге энергия тарап, велосипед қозғалысқа түседі. Сөйтіп, күніне 30-35 шақырым жер жүремін.
Күн көзінен қуат алатын көліктер көрмесі Ақтөбеде соңғы 2 жылдан бері өткізіледі. Бірақ бұл жолғы шараға тек 4 өнертапқыштың қолдан құрастырған техникасы қойылды. Атап айтқанда, жергілікті әуесқойдан өзге, Орал және Ресейдің 2 қаласынан өнертапқыштар келді. Тағы бірнеше үміткердің техникасы жолда сынып, жете алмай қалыпты. Дегенмен күн энергиясынан күш алатын шағын техникаларды қызықтаушылар көп болды.
Көрмеге келушілер:
- Осыны өзіміз қызықтап келіп тұрмыз, хабарламаларын көріп. Бұл, әрине, экологиялық таза.
- Мынадай қызық қой. Күннен энергия алып тұр. Балаларға қызық, сол үшін алып келдік.
Бұл көліктер көрмеден кейін қаз-қатар тізіліп, Байқоңырға жол тартты. Кейін Қызылорда, Шымкент қалаларынан өтіп, Алматыда аялдамақ. Ол жерде де үлкен шара ұйымдастырылмақ.
Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев.