Елге қанттың 53 пайызы сырттан жеткізіледі
Ресми ақпар осылай дейді. Алайда Ресейден келетін арзан қант көрсеткішті бұдан да арттыруы мүмкін.
Бірақ құзырлы министрлік импортты 17 пайызға төмендетуді көздейді. Бұл туралы мәжілістегі үкімет сағатында айтылды.
Бір жылда елдегі азық-түлік 26 пайызға дейін қымбаттады. Әсіресе жаңа піскен көкөніс құны шарықтап барады. Бұл өнімнің денін сырттан тасымалдаймыз. Импортқа тәуелділікті азайту үшін ішкі өндірісті арттыру маңызды. Алайда, мәжіліс депутаттары құзырлы органдар үйлесімді жұмыс жүргізбейінше, мақсатқа жете алмаймыз дейді.
Серік Егізбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Статистикалық деректер саладағы нақты ахуалды, істің мән-жайын көрсетпейді. АШ өнімдерін өндіруге қатысты статистикада асыра сілтеушілік бар. Бұған әкімдіктер қызметін бағалау нәтижесінде олардың арасында көп жылдан бері қалыптасқан жасырын бәсекелестік ықпал етіп отыр.
Статистикадағы алшақтықты ауыл шаруашылығы министрі де біледі. Ол ұйымдасқан шаруашылықтардың көрсеткішіне көбірек сенетінін айтты. Жалпы алдағы 2-3 жылда салада арнайы санақ жүргізілетінін мәлімдеді. Импорт демекші, отандық қанттың үлесін арттыру маңызды. Ербол Қарашөкеев биыл 19 мың гектар алқапқа қант қызылшасы егілгенін жеткізді. Айжан Наурызғалиева, Қазақстанның қант, тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібі қауымдастығының президенті:
- Министр елде 19 мың гектар қант қызылшасы егілген деді. Әрине, егіс алқаптарын бақылағанда бәрі белгілі болады. Министрдің сөзінше, Жамбыл облысында 11 мың га, Жетісу облысында 8 мың га алқапқа дақыл егілген. Дегенмен, Жамбыл өңірінде сонша көлемде қызылша егілуі мүмкін емес. Онда бірқатар мәселе бар. Біздіңше, көрсеткішті асырып көрсетуге әуестенбеу керек.
Жамбыл облыстық қант қызылшашылар қауымдастығының төрағасы да биылғы көктемнің келісті болмағанын жеткізді. Жаңбырдың жоқтығы аздай, су мәселесі бүйірден қысқан. Салдарынан шығын көп болғанын айтады.
Саха Манатов, Жамбыл облыстық қант қызылшашылар қауымдастығының төрағасы:
- Су үнемдеу технологиясын қолдануымыз керек. Жаңбырлату, тамшылату әдісін қолдануымыз керек. Соны қолдануға үкімет тарапынан ережелер бар. Министрдің приказымен шыққан 11 паспортта оборудованиеге 400 мыңге, қазір бәрі қымбат. Айналып келгенде 30 пайыз деп айту керек. Немесе субсидияның 600 мың теңгеге арттыру керек. Ол бір. бүкіл әлемде су мәселесі проблема болып жатыр. Сол үшін біз жер асты суын пайдалануымыз керек.
Әзірге ішкі нарықтағы қанттың 7 пайызы ғана отандық өнім үлесі.
Ербол Қарашөкеев, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:
- Отандық шикізаттан қант өндіру 200 мың тоннаға дейін ұлғайтылады. Сондай-ақ ақ қант импортының үлесі 58 пайыздан 17 пайызға төмендетілетін болады. Оның бәрі жол картамызда көрсетілген. Фермерлерді қолдау бойынша субсидия мөлшері ұлғайтылды. Зауыттар 15 мың теңге, мемлекет 25 мың теңге субсидия төлейді.
Бірақ біздің қант ресейлік өнімге бәсекелес бола алмай тұр.
Саха Манатов, Жамбыл облыстық қант қызылшашылар қауымдастығының төрағасы:
- РФ демпинг жасап жатыр. Олар өте арзан бағамен келіп жатыр. Оның 320 теңге біздің зауыттан шығып жатқан өнімнен арзан. Бізде теміржол арқылы тасымалға тыйым салынған. Автокөлік тасымалына да тыйым салыну керек деп ойлаймын.
Әрине, көлікпен тасымалданатын қант көлемі есепке алына бермейді. Бірақ Үкімет импортты азайтуға мүдделі. Ол үшін 2026 жылға дейінгі қант саласын дамытудың кешенді жоспарын мүлтіксіз орындау маңызды. Оның барысын бақылауға алу керек дейді сала мамандары.
Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Асхат Қарағойшы