Ақтаулық еріктілер «Қауіпсіз аула» жобасын бастады
Олар шағын аудандарды аралап, ойын алаңдарының қауіпсіздігін тексеріп жүр.
Қоғамдық бақылау тобы анықталған кемшіліктерді суретке түсіріп, жауапты мекемелерге жолдайды. Ата-аналардың шағымы бойынша да жұмыс істейді.
Жаңқасы шыққан ағаш орындық. Сымдары үзілгелі тұрған әткеншек. Бала денсаулығына қауіпті ойын алаңдары кез-келген шағын ауданда кездеседі. «Мәселе қоғамдық бақылаудың жоқтығынан туындайды. Ойын құралдары бүлдіршіндерге арналған, алайда оқушылар мен студенттер қолданады. Мұндай алаң салатын мердігер мекеме қызметін қадағалап жатқан жан жоқтығы да көңіл қынжылтады» - дейді топ мүшелері.
Айтуар Қарағұлов, басқарушы және сервистік компаниялар қауымдастығының өкілі:
- Мына жерде арматура қатып қалған бетон үстіне қағылған. Ойың алаңына үстіне төселетін жасыл түсті жабынды желімделмей, сол күйі тасталған. Ол ертең жиырылып, бала сүрініп құлауы мүмкін. Болмаса қатты жел күні көтеріліп, үстінде ойнап жүрген бүлдіршіндерді ұшырып жіберуі де мүмкін.
Игі бастамаға 25 волонтер қатысуда. Олар күнделікті бақылау шарасына тұрғын үйлерге сервистік қызмет көрсететін компания қызметкерлерімен бірге шығады. Тозып кеткен балалар алаңдарын қоғам назарына ұсынып, жаңасына ауыстыру қажеттігін айтудан жалығатын емес.
Давид Миникаев, еріктілер қозғалысының жетекшісі:
- Өткен аптада қалада қайғылы оқиға болып, 16 жастағы жасөспірім ауруханада көз жұмды. Ер баланың басына футбол қақпасы қалай құлағанын әлі түсіне алар емеспіз. Осыдан соң барлық ойын алаңдарын тексеріп шығуды ұйғардық. Өкінішке қарай, ондай алаңқайлар Ақтауда өте көп.
Бұл жобаға кез-келген азамат қатысуға құқылы. Сондай-ақ тұрғындар ойын алаңының бүлінген жерін фотоға түсіріп, әлеуметтік желі арқылы еріктілерге жолдай алады. Олар өз кезегінде жиналған деректерді құжат түрінде толтырып, өкілетті мекемелерге жібереді.
Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев