Қазақстанда 3,5 мыңға жуық науқас донорға мұқтаж
Қазақстанда 3 жарым мыңға жуық науқас донорға мұқтаж.
Әсіресе бүйрек дертіне шалдыққан адам көп. Дәрігерлер мәйіт донорлығын дамыту керек дегенді жиі айтып жүр. Ақтөбеде "Қазақстандағы ағза донорлығы мен трансплантацияның өзекті мәселелері" тақырыбында ғылыми конференция өтті. Басқосуда отандық және шетелдік мамандар саланың соңғы жетістіктерімен бөлісті. Олар мәйіт донорлығына қоғамның оң көзқарасын қалыптастыру керек деген пікірде.
Бауыржан Абдуллаев үстел теннисі мен воллейболдан үш дүркін ел чемпионы. Диализге тәуелділігіне қарамастан спорттан қол үзбеді. Өзі сияқты спортшылар арасындағы дәстүрлі біріншілікке үзбей қатысады. Айтуынша 15 жыл бұрын сырқатқа шалдықса, 5 жыл бұрын жақыны бүйрегін беріпті. Бірақ қазір ағзасы оны қабылдамай, тағы да донорға мұқтаждар тізіміне кірген.
Бауыржан Абдуллаев, Түркістан облысының тұрғыны:
- Диализге мысалы аптасына үш рет түсеміз. қазір қиналып тұрмыз. Уже диализ керек болып тұр. Трупный донорствоны дамытуға атсалысып келеміз. Бірақ бізде ол дамымаған. Біздің менталитетіміз басқаша. Авариядан жаңағыдай оталардан кетіп қалады ғой. Солар берсе.
Ақтөбеде өтіп жатқан спартакиадаға еліміздің барлық өңірінен 90-ға жуық спортшы жиналды. Дәстүрлі біріншіліктен басты айырмашылығы – күш сынап жатқандардың бірі донор болса, енді бірі реципиент. Яғни, ағзасында өзге адамның мүшесі бар жандар. Шараны ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай жандарға қалыпты өмір сүріп, тіпті тұрақты түрде спортпен шұғылдануға еш кедергі жоқ.
Жәнібек Оспанов, "Өмір тынысы" қоғамдық бірлестігінің төрағасы:
- Жарыс спорттың 4 түрінен, суда жүзу, воллейбол, устел теннисі мен дартстан өтіп жатыр. Мақсатымыз қоғам назарын донорлық пен трансплантация мәселесіне аудару. Трансплантацияның тиімділігін көрсеткіміз келеді. Өзіміздің жетістіктерімізбен донордың ағзасын алған науқастардың да сау адамдай жұмыс істеп, балалы болып, спортпен шұғылдануға да мүмкіндігі бар екендігін көрсеткіміз келеді.
Елімізде алғашқы трансплантологиялық операция 45 жыл бұрын жасалғанымен, тек 2012 жылдан бері кеңінен дами бастаған. Қазір бүйрек пен бауыр , жүрек, өкпе мен көздің мүйізгек қабығы ауыстыру операциясы отандық орталықтарда жасалда береді. Алайда дәрігерлер донор тапшылығынан мұқтаж жандар жылдар бойы сарыла күтуге мәжбүр дейді. Мамандар мәселені шешудің бірден бір жолы – мәйіт донорлығына қоғамның оң көзқарасын қалыптастыру дейді.
Жақсылық Досқалиев, медицина ғылымдарының докторы:
- Дамыған елдерде ең тиімдісі ол мәйіттен алып салу. Өйткені мынау тірі адамнан алып салғанда қатер көп. Бірінші мынау донорға қатер, екінші мынау реципиентке қатер көп. Мәйіттен алып салсақ ол қатер аз болады. Ол бір. Екіншіден, бір мәйіт бес адамның өмірін осы біздің Қазақстанда әрі қарай жалғай алады.
Қазір Қазақстанда донорға мұқтаж үш жарым мың адам бар. Олардың 70 проценті бүйрек дертіне шалдыққан. 10 проценті бауыр мен тағы 10 проценті жүрек трансплантациясын күтіп жүр. Науқастардың 500-ге жуығы кәмілет жасына жетпеген бала.
Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков