Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету құжатының жобасы әзірленіп жатыр
Полицияны трансформациялап, қоғамдық қауіпсіздікті күшейту.
Ішкі істер министрлігі қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің 2024-2028 жылдарға арналған тұжырымдамасының жобасы әзірлеуді жалғастыруда. Жаңа құжатқа сай полицейлер тәртіпті қоғаммен бірлесе қамтамасыз етеді. Тұжырымдамада жол қауіпсіздігін цифрландыру, қоғамдық орындарда бақылау камераларының санын арттыру мен полицияны трансформациялау көзделген.
Криминогенді ахуал
ЖАСАЛҒАН ҚЫЛМЫСТАР – 19%
КІСІ ӨЛТІРУ – 51%
ҚАРАҚШЫЛЫҚ ШАБУЫЛ – 36%
ҰРЛЫҚ – 16%
БҰЗАҚЫЛЫҚ - 47%
Жыл басынан бері елде жасалған қылмыстардың саны 19 пайызға азайған. Кісі өлтіру дерегі 51, қарақшылық шабуыл – 36, ұрлық 16 және бұзақылық 47 пайызға төмендеген. Криминогендік ахуал жақсарғаны анық. Осы ретте қоғам тарапынан қауіпсіздіктің жоғары деңгейіне деген сұраныс артқан. Сондықтан қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің қазіргі механизмдерін трансформациялау аса маңызды болып отыр, дейді Ішкі істер министрлігіндегілер. Осы ретте жауапты орган арнайы тұжырымдаманың жобасын әзірлеген. Құжат бірқатар маңызды бағыттарды қамтиды.
Игорь Лепеха, ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары:
- Бүгінде бізде отбасылық зорлық-зомбылыққа қатысты адам өлтірудің 39 дерегі тіркелген. Бұған не себеп? Үйде жанжал туғанда, зардап шеккен әйел полиция шақыртады. Қызметкерлер келгенше күш көрсеткен күйеуі татуласудың жолын іздейді. Сосын оның зайыбы полицейлерге еш шағымым жоқ, мен оны кешірдім дейді. Бұндай сәтте біз ешкімді жауапқа тарта алмаймыз. Ал тәртіп сақшылары кеткеннен кейін күйеуі әйелін соққыға жығып жатады. Енді біз бұндай жайттардың алдын алуға көштік. Яғни, полицияға арыз түспесе де, көршілерінің шағымына сүйеніп хаттама толтырылады. Кейін ол сотқа жіберіледі. Тағы сотта бір-ақ рет татуласуға мүмкіндік беріледі. Бұзушылық екінші рет қайталанса, күш көрсеткен тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылады.
Бұл тұжырымдама 2028 жылға дейін жоспарланған. Құжатты Президент бекітіп, келер жылдан бастап жұмыс істеуі тиіс. Қазір адам көп шоғырланатын орындарда қауіпсіздікті күшейту аса маңызды. Сондай жерлердің бірі – түнгі клубтар мен түрлі ойын-сауық орталықтары. Бұл ретте ішкі істер министрлігі құқықбұзушылық болған немесе тиісті қауіпсіздік талаптар сақталмаған мекемелердің жұмыс істеу уақытын шектеуді ұсынған болатын.
Марат Ахметжанов, ҚР Ішкі істер министрі:
- Өздеріңіз білесіздер біраз жағымсыз жағдайлар болды: кісі өлтіру фактілері, есірткі тарату, ұрлық, тонау. Сондықтан оның бәрін сараптап ұсыныс ретінде айтылған.
- Осы салада жұмыс істейтін бизнесмендер бәрі шығып, осы өздерінің ой-пікірлерін айтып жатыр. Ол өте қуантарлық жағдай.
- Біздің қойып отырған қарсы талабымыз, сол жерлерде бейнебақылау болсын, қоғамдық қауіпсіздікті қамтитын іс-шаралар болсын, төбелес, ұрыс, жанжал болмасын. Соны егер сіздердер сондай кепілдік беретін болсаңыздар жұмыс істей беріңіздер. Әрине, ол жұмыс орны, әрине, мемлекетке түсіп жатқан салық. Біз оны қолдаймыз.
Бұл тұжырымда жобасы 150 іс-шарадан тұрады. Жол-көлік қауіпсіздігін цифрландыру, қоғамдық орындарда бақылау камераларының санын арттыру мен полицияны трансформациялау көзделген. Яғни, сұранысқа сай, 21 ғасырдың заманауи Қазақстандық полициясын құру жоспарланып отыр.
Риат Шони, Нұрғали Мамырбаев