Қазақстанда қант қызылшасы алқаптары екі есе ұлғайды

Биыл Қазақстанда қант қызылшасы егістігі екі есе ұлғайып, 19 мың гектарға жетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өсім – 87%. Бұл – соңғы 5 жылда болмаған көрсеткіш. Өткен жаздағы қант дағдарысынан кейін егістік алқабы күрт кеңейтілді. Импорттағы кедергілерден туындаған қант тапшылығы ішкі өндірісті дамыту керектігін көрсетті.

Мемлекет 2022–2026 жылдарға арналған жоспар әзірледі. Онда Қазақстанда отандық шикізат ішкі нарықтың небәрі 7%-ін қантпен қамтамасыз ететіні айтылған. Қалғаны — өңдеуге арналған импорттық шикізат және импортталған дайын қант. Енді Ауыл шаруашылығы министрлігі жыл сайын егіс алқабын кемінде 6,5 мың гектарға ұлғайту арқылы мәселені шешуді ұсынды. Жалпы 2026 жылға қарай қызылша егістігі 38 мың гектар болуға тиіс.

 

Қазақстандағы қант қызылшасы алқаптары

2022 жыл – 10 мың га;

2023 жылы – 19 мың га;

2024 жылы – 25 мың га;

2025 жылы – 31 мың га;

2026 жылы – 38 мың га.