23 маусым – полиция қызметкерлерінің кәсіби мерекесі
Өз басын қатерге тігіп, өзгелерді құтқарған полицейлер.
Еліміздің түкпір-түкпірінде қоғамдық тәртіпті қадағалап қана қоймай, адамдарды ажалдан арашалап қалған сақшы жетерлік. Полиция қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында антына адал, ісіне берік, бүгінгі күннің батырларымен арнамыздың тілшілері де тілдесіп қайтқан болатын.
Қызылода облысындағы Бұқарбай батыр ауылының маңында канал бар. Осы маңнан өтіп бара жатқан жасөспірім абайсызда аяғы тайып, суға құлайды. Сол кезде аумақты патрульдеп жүрген полицей Ержан Әбдірахманов еш ойланбастан артынан секіреді.
Ержан Әбдірахманов, Жалағаш аудандық ПБ жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің басшысы:
- Ойланып тұратын уақыт болған жоқ бізде. Жанына барғанда баланың әлсіреп қалғанын байқадым да, мойынан ұстап, жиекке шығарып, алғашқы дәрігерлік көмек көрсеттік. Кешігіп келген кезде жағдай басқаша болар ма еді?
Майра Жарболова, баланың анасы:
- Баламның жағдайы өте жақсы. Баламның өмірін сақтап қалған тәртіп саұшыларына алғысым шексіз. Тәртіп сақшылары бар кезде біз өзімізді қауіпсіз сезінеміз.
Дәл осындай жағдай Тараз қаласында да болды. Қайрат Тұрлыбаев жұмысқа бара жатып, көмек сұраған балалардың дауысын естіген. Каналға жақындаса, 8 және 9 жастағы екі баланың мұздай суда батып жатқанын байқап қалған. Бір-бірден сыртқа шығарып, жедел-жәрдем шақырып, артынша ата-анасына табыстайды. Инспектор осындай ерлігі үшін Төтенше жағдайлар министрінің бұйрығымен арнайы медальмен марапатталды.
Қайрат Тұрлыбаев, қалалық ПБ ювеналды полиция бөлімінің учаскелік инспекторы:
- Мұздың бетімен келе жатқан кезде менің де астымдағы мұз жарылып кетіп, өзім де суға кіріп кеттім. Бірақ енді аман-есен, ең бастысы, балаларды алып шықтым. Қызметтік міндетім деп санадым. Ешкімге еш жерге айтқан жоқпын, жариялаған жоқпын. Ары қарай киімімді ауыстырып, ары қарай қызметімді жалғастыра бердім.
Өзінің өмірін қатерге тігіп, өзгені құтқарған полицейдің бірі – солтүстікқазақстандық Тимур Қалиев. Аққайың ауданының орталығы Смирнов ауылы маңындағы су қоймаларының біріне демалуға келген 45 жастағы азаматтың кенеттен сіңірі тартып қалған. Құлаштауға қауғары қалмаған соң, ол айналасындағылардан көмек сұрауға мәжбүр болыпты.
Тимур Қалиев, Аққайың аудандық ПБ учаскелік инспектордың көмекшісі:
- 20 метрдей жерге жүзіп бардым. Алайда азаматты таппадым. Осылайша, бірнеше рет тереңге сүңгіп, қолынан ұстадым. Ал жағаға жеткенде осы жердегі жігіттер көмек көрсетті. Жүрегіне массаж жасаған соң есін жиды. Негізінен мен судан қорықпаймын. 11-сыныпта оқып жүрген кезімде де адам құтқарғанмын.
Кейіпкерлеріміздің барлығы бұл ісін азаматтық борышым дейді. Ал халық болса, полицейлердің әрекетін адамгершілік пен батырлықтың үлгісі деп бағалап отыр.
Авторлары: Самат Қайырденұлы, аймақтағы тілшілердің көмегімен.