ШҚО-да балалар полиция қызметкерлерінің жұмысымен танысты
Шығыс Қазақстан облысында Қылмыстық атқару жүйесі департаменті қызметкерлерінің балалары өз ата-аналарының жұмыс орнында бір күн еңбек етіп көрді, деп хабарлайды «Хабар 24».
«Полиция күні» мерекесіне орай бүлдіршіндер осындай ниет білдіріпті. Ол үшін балаларға арнайы қызметтік киім тігілді. 12 жастағы жеткіншектер каска, оқ өткізбейтін кеудеше киіп, жұмысқа кірісті. Олар түзеу мекемесіне кіргізілетін заттарды арнайы құралдармен тексерді. Басшының орнына отырып, қызметтік құжаттарды қарап шықты. Барлық іс-әрекет шынайы ұйымдастырылды. Өйткені осы балалардың арасынан кейін ата-ана жолын қуатын мықты мамандар шығуы мүмкін дейді, - департамент өкілдері.
Арай Көшербаева, ШҚО Қылмыстық атқару жүйесі департаментінің бөлім бастығы:
- Оның ішіндегі 3 бала – менің өзімнің балаларым, балаларға өте ұнады қызықты өтті. Менің өз отбасымда генералдар болды, әкем де ішкі істер қызметкері, жолдасым да пагон тағады, сондықтан балалардың қызығушылығы оянды.
Айназ Дүйсенова, оқушы:
- Мен бүгін анамның жұмыс орнында болдым. Бүгін жанымда болған балалардың ата-аналарының құжаттарын тексердік. Менің анам және әкем – полиция қызметкерлері. Менің сол кісілер секілді полиция қызметкері болғым келеді.