Ұлытау облысындағы полицей Махамбеттің 100 өлеңін жатқа оқиды

Ұлытау облысында полиция инспекторы Үркер Үрматов Махамбеттің 100 өлеңін жатқа оқиды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өршіл ақынның рухты жырларынан қуат алатын азамат бала кезінен поэзияға құмар. Қоғам қауіпсіздігі жолында қызмет ете жүріп, қолы қалт еткенде кітапханадан табылады. Өзі де арасында өлең жазатын инспектор қазір Абай мен Мұқағали ақынның жырларын жаттауға ден қойған.

Үркер Үрматов  оқушы кезінде  республикалық байқауларда сан мәрте жүлде алған. Әдебиет пәнін сүйіп оқыпты. Алайда, әке жолын қуған ұл полиция мамандығын таңдады. Дегенмен бала жастан бойға сіңген өнерден қол үзбеді. 

Үркер Үрматов, облыстық ПД Тылмен қамтамасыз ету басқармасының инспекторы:

- Өзімнің хоббиім осы кітап оқу. Шығармашылық. Поэзия. Жаттау. Жалпы өмірімнен шығарып тастамауға тырысам. Бірақ жұмыс бірінші орында тұрады.

Үркер жұмыс соңында ұжымдастарын сергіу мақсатында Махамбеттің рухты жырларын оқып береді. Негізгі міндетін мүлтіксіз атқаратын азаматтың поэзияға деген ықыласын әріптестері де ерекше бағалайды.

Ернияз Әлиев, облыстық ПД Әкімішілік полиция басқармасы бастығының орынбасары:

- Өте ақылды жігіт. Санаспайды. Әрқашанда тек талабы мен тапсырмасын орындамай үйіне қайта қоймайды. Өлең оқып береді. Қуана-қуана тыңдаймыз. Кішкене мына жұмыстан шаршап кеткенде өлеңдерін тыңдап, жеңілденіп қаламыз.

Үркер қазір Абай мен Мұқағали шығармашылығына ден қойған. Махамбет өлеңдерін оқығанда ерекше шабыт алатын ол арасында өзі де өлең жазып тұрады.

Үркер Үрматов, облыстық ПД Тылмен қамтамасыз ету басқармасының инспекторы:

- Махамбеттің өлеңдері адамға рух береді. Бойыңа күш-жігер береді. Нағыз ер адамдарға арналып жазылған сияқты. Халықты, елді қорғау мақсатында. Сол бойыма бір шабыт сыйлайды.

Үркер жұмыстан бос уақытта бірден кітапханаға барады. Бұл жер оның екінші жұмысына айналғандай. Себебі өнерпаз полицей айына қазақ классиктерінің кемінде 1 өлеңін жаттауды мақсат еткен.

Авторлары: Елдос Какенов, Нұрбол Үздікбаев, Гүлшаһира Серекбаева.