Елімізде тері ауруларына шалдыққандар көбейген
Бүгінде тері аурулары өте күрделі проблемаға айналған, деп хабарлайды «Хабар 24».
Бұл дерттің түрі көп. Кейбірі түбегейлі емделмейді. Дерматовенеролог мамандар осылай деп дабыл қағып отыр. Мамандардың айтуынша, тері ауруларын емдеуде жаңа технологияларды енгізу қажет. Бұл дертке қандай дауа бар?
Жанерке Жанатқызы өмірдің қиындықтарын жүрекке жақын қабылдамауға тырысады. Себебі сәл уайымға салынып, күйзелсе бетіне бөртпе қаптап шыға келеді. Ол оқушы кезінен осы проблемамен күресіп жүр. Түбегейлі жазылмағанымен, қазір бөртпенің ізі қалмаған.
Жанерке Жанатқызы, қала тұрғыны:
- Қазргі кезде дұрыс емес тамақтансам немесе қатты бір күйзеліске түсіп қалсам, стресс алсам, кішкене бетім құртылады, бірақ бұрынғыдай емес. Қазіргі бет терім бұрынғыға қарағанда өте жақсы. Мен анализдарды тапсырдым, денсаулығымды қаратқан болатынмын. Бірақ ешқандай ол жағынан проблемалар болмады, тек қана менде күйзелістен, сыртқы факторлардан туындады.
Ал мамандар тері ауруларының көбі дәл осы уайым-қайғыдан пайда болатынын айтады. Тіпті оның кейбірінің емі жоқ. Дегенмен бұл тұста біздің дәрігерлер әлемдік тәжірибеге сүйенетінін айтады. Соңғы жылдары елімізде тері ауруларын емдеудің жаңа әдістері енгізіле бастаған.
Гүлнәр Батпенова, жоғары санаттағы дерматовенеролог:
- Тері аурулары өте күрделі проблемаға айналды. Бұл дерттің түрі көп. Кейбірі түбегейлі емделмейді. Сондықтан осындай ауруларды емдеу жолдарын үнемі жетілдіріп отырамыз.
Денеге шыққан бөртпеге бей-жай қарауға болмайды. Себебі тері қатерлі ісігі жаһандық проблемалардың біріне айналған. Мамандардың дабыл қағатыны да содан. Оның пайда болуы мен дамуын тежеуге болады, - дейді. Ал елімізде дерматологиялық дертті диагностикалаудың инвазивті емес әдістері қолданылады. Осы арқылы тері қатерлі ісігін ерте сатысында анықтауға мүмкіндік бар.
Гүлнәр Батпенова, жоғары санаттағы дерматовенеролог:
- Мәселен, бүгінде Псариаз ауруы жасарып барады. Бұрын тек ересек адамдарда кездесетін. Қазір жасқа толмаған балаларда осы тері ауруына жиі шалдығады. Мұндайда медициналық көмекке уақытында жүгіну қажет.
Бүгінде елімізде тері ауруларының созылмалы түріне шалдыққан науқастар көбейген. Бұрын сирек кездесетін, псориаз бен дерматит жас сәбилер арасында белең алып отыр. Дұрыс тамақтанбау да ауруды ушықтыра түскен. Сарапшылар адамдардың күйзеліске бой алдыруы тері ауруларының көбеюіне себеп болатынын айтады.
Авторлары: Айнұр Қуатқызы, Камшат Атабаева, Диас Қобыланбаев.