Алматыда жетім және мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған лагерьлер көбейді

Алматыда жетім және мүгедектігі бар балаларға арналған лагерь саны көбейді, деп хабарлайды «Хабар 24».

«Өрнек» лагері «Жанұя» мамандандырылған мектеп-интернатының тәрбиеленушілерін қабылдады. Онда 5 пен 18 жас аралығындағы балалар жазғы каникулын өткізеді. Білікті мамандар қызықты тренингтер, шеберлік сабақтары және спорттық сайыстар ұйымдастырып жатыр. 

«Өрнек» лагері Алматыдағы Оқушылар сарайына қарайды. Лагерьдің жұмысы әдеттегідей таңғы жаттығудан басталады. Одан кейін таңғы ас ішкен оқушыларға бір күннің сабақ кестесі жарияланады. Әр күннің бағдарламасы әртүрлі болғандықтан оқушыларды жалықтырмайды, - дейді тәлімгерлер.

Гүлжан Рахманбекова, «Өрнек» лагерінің тәлімгері:

- Біздің мақсатымыз – оқушылар бойында патриоттық сезімдерді ояту. Отанға деген сүйіспеншілікті тәрбиелеу. Сонымен қатар адами қасиеттер мен  салауатты өмір салтын қалыптастыру болып табылады.

Лагерде қазір 80-ге жуық бала жазғы демалысын өткізіп жатыр. Оқушылар 10 күн ішінде негізгі сабақтардан өзге де квадраткоптер ұшырып, геоинформатика, бионейротехнологиялар және дизайн тақырыбы бойынша шеберлік сабағына қатысады. Тіпті туризмді дамытудың қыр-сырын үйренеді.

Бауыржан Бектаев, «Өрнек» лагерінің ауысым басшысы:

- Мұнда туристік саланың мамандары келіп тұрады. Балаларға табиғат аясында от жағуды, шатыр құруды, қанатты жолдармен жүруді үйретеді. Мұндай сабақтар оқушылар үшін өте қызық.

Лагерьдегі балалар әр топқа бөлініп, жарыстар өткізіп отырады. Доп теуіп, волейбол және баскетбол ойнайды. Арасында кітапханаға жиналып, білімдерін жетілдіреді.

Айша Шынасылова, оқушы:

- Мен тамақ жасауды, сахнаға шығу, өлең айту, әртүрлі билерге қатысып, күшті ойындар ойнауды үйрендім. Лагерьде маған көбінесе әртүрлі үйірмелер ұнап жатыр. Әдемі, қызықты заттар тәлімгерлер бізбен жұмыс істеп жатыр.   

София Шерняева, оқушы:

- Мұғалімдер бізге келіп, спортпен шұғылданды. Бізбен шахмат ойнады. Маған шахмат ойнауды көрсетті, мен соған қарап үйрендім.

«Өрнек» лагерінің шәкірттері табиғатты күтіп, баптауды да үйреніп жатыр. Тәлімгерлер ағаштар мен гүлдерді суарудың, оларды өсірудің дұрыс жолдарын көрсетеді. Жобаның мақсаты – балалардың патриоттық сезімін арттыру. Салауатты өмір салтына баулып, қоршаған ортаны аялауға шақыру.

Авторлары: Аршын Кемелжан, Мұхит Құдықбаев.