Қызылордада медицина қызметкерлері күніне арналған салтанатты шара өтті

Бүгін Қызылорда қаласында медицина қызметкерлері күніне арналған салтанатты шара өтті.

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев денсаулық сақтау саласының мамандарын кәсіби мерекемен құттықтап, олардың жоғары жетістіктерін атап өтті.

Алдағы 2 жылда Қызылорда облысында 27 денсаулық сақтау нысаны бой көтереді. Оның қатарында құрылысы жүріп жатқан заманауи үлгідегі қан орталығы мен 300 төсек орынға арналған көпбейінді аурухана бар. Осындай саладағы серпінді істерді салтанатты шарада аймақ басшысы жеткізді.

Нұрлыбек Нәлібаев, Қызылорда облысының әкімі:

- Ауылдық жердегі медицина сапасын, әлеуетін көтеруде мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асып жатқан ұлттық жобаның маңызы өте зор. 2024 жылға дейін Арал, Қазалы, Шиелі, Жаңақорған ауданаралық ауруханаларын көп бейінді ауданаралық аурухана деңгейіне жеткізу жұмыстары жүргізілуде.

Өңірде аурушаңдық көрсеткіші жыл өткен сайын төмендеп келеді. Бұл білікті медицина мамандарының еселі еңбегінің нәтижесі болса керек. Осы ретте сала ардагерлері мен ақ халатты абзал жандарға облыс әкімі түрлі деңгейдегі наградалар табыстады.

Зейнеш Өтеғалиева, хирургия бөлімінің медбикесі:

- Өзіміздің еңбегіміз деп ойлаймын. 40 жыл осы салада жүрміз ғой. Сол үшін бізді осылай елеп, бағалап, осындай мәртебеге жеткізіп жатқанына көп рақмет айтамын. 

Өңірдің медицина саласын дамыту үшін жүйелі жоспар жосалған. Оның аясында Арал, Жаңақорған аудандарынан балаларды оңалту орталықтарын ашу жоспарланып отыр.

Нұрлан Жақыпбеков, Ақан Әлиев