БАҚ өкілдеріне 65 пәтер тарту етілді
Бұқаралық ақпарат құралдары мерекесіне орай ақпарат майданының алғы шебінде жүрген майталмандар су жаңа баспана иегері атанды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Астананың жаңа ауданында бой көтерген тұрғын үй кешені алдында пәтер кілттерін Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары – Қазақстан Президентінің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай табыстады. Медиа саласы өкілдерінің қуанышымен бөлісуге Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі және отандық телеарна басшылары қатысты.
Жания Қарашолақова «Хабар24» телеарнасында 10 жылдан аса еңбек етеді. 3 баланың анасына баспана тапшылығы мәселесі етене таныс. Бірнеше жыл пәтер жалдап, жатақханада тұрғанын айтады. Алайда кәсіби мереке қарсаңында 2 бөлмелі пәтердің иесі атанарын ойлаған емес. Бұл – жас отбасы үшін шын мәніндегі тосынсый.
Жания Қарашолақова, «Хабар 24» телеарнасының бейнеинженері:
- Президентімізге рақмет, «Хабар» агенттігінің төрағасына көп рақмет. Түсінгенім, бұл да – еңбек еткен, жұмыс істеген әрбір адамның еңбегі еленіп, әрқашанда жолы ашық екенінің бір белгісі. Дайын үй, қуаныштымын өте, не айтарымды да білмеймін, қобалжып тұрмын, сенбей тұрмын әлі де.
Осындай комфорт санатындағы пәтерлер ақпарат құралдары саласының 65 қызметкеріне берілді. Басты шарт – ешқандай шарттың жоқтығы. Баспана әрбір қуаныш иесіне тегін табысталды. Бұл – Мемлекет басшысының сала мамандарына деген қамқорлығы, - деді Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Руслан Желдібай. Айтуынша, Президент отандық ақпарат құралдарын әрдайым қарап, оқып жүреді.
Руслан Желдібай, ҚР Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары – Президенттің баспасөз хатшысы:
- Қазір біздің мемлекеттік медиа жақсы қарқынмен дамып келе жатыр. Телеарналарымызда жақсы контент жасалады. Мықты бағдарламалар шығып жатыр. Бұның барлығы, әрине, бірінші кезекте өздеріңіздің еңбектеріңіздің жемісі. Біздің ақпараттық ақпараттық егемендігіміз, тәуелсіздігіміз өте маңызды.
Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі орайлы сәтте қалам ұстаған қауымға, қоғамның барометрі атанған журналистерге, жалпы мылтықсыз майданның көрінбес қаһармандарына ризашылығын білдірді.
Дархан Қыдырәлі, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі:
-Қанатты сөзге айналған Міржақыптың сөзі бар, «кімнің баспасөзі күшті болса, соның болашағы мықты» дейді. Соны сәл өзгертіп айтсақ, кімнің журналисті мықты болса, соның баспасөзі де, оның болашағы да зор. Ал журналист күшті болуы үшін оған алаңсыз жұмыс істеуіне жағдай жасалынып жатыр. Оның қоржыны да тоқ, олжасы да мол болуы тиіс
Кәсіби мерекеде осындай марапатқа отандық медиада жұмыс істейтін барлық азамат лайық екені айтылды. Ал жаңа баспана иелері қуаныштарын жасырмады.
Ғани Алшымбаев, «Хабар 24» телеарнасының телеоператоры:
- Салтанатты түрде табыстады. Өзім күтпегем. Енді өзім Хабарда телеоператор болып жұмыс атқарып жүргеніме 14 жыл болды. Не дерімді білмеймін, эмоция қатты болып тұр, рақмет.
Бауыржан Жуасбаев, «Қазконтент» АҚ фототілшісі:
- Осы бұрақалық ақпаратта 20 жыл еңбек еттім. Әрине, жұмыс барысында көп қиыншылықтар да туындады. Мысалы, пандемия кезінде, басқа да зілзала бойынша да. Еліміз хабардар болуына бүкіл маңдай терімізді салып, еңбегіміздің нәтижесі осылай бағаланып отыр.
Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне тарту етілген тұрғын үй кешенінің жалпы ауданы – 33 мың шарты метр. Пәтер іші әрленген, балалар алаңы, автотұрақ бар.
Авторлары: Рухани Асқар, Жандос Битабаров.