Қазақстанда синтетикалық есірткіге тәуелділер көбейіп барады

Былтыр елде есірткі тұтынған 17 мыңнан астам адам динамикалық бақылауға алынған.

Ал биыл 18 мың 500-ге жуықтады. Өкінішке орай, синтетикалық есірткіге әуес науқастардың саны күрт көбейе түскен.

Ұлттық құрылтайда көтерілген мәселенің бірі осы есірткіге қарсы күресті күшейту. Мемлекет басшысы оның жолын кесіп, тамырына балта шабуға тиіспіз, деп атап өткен еді. 

Бізбен сұхбаттасуға келіскен адам бет-жүзін көрсетпеуді өтінді. Оған қоса аты-жөнінің де беймәлім болғанын қалады. Жасы 42-де. Алғаш рет есірткіні, 19 жасында қолданыпты. Бірден героиннен бастағандықтан, тез тәуелді болып, ажалдың тырнағына ілігеді. Бір-екі рет есірткіге жоламай жылдап шыдап көрген. Бірақ құтыла алмайды. Мамандығы заңгер. 4 баланың әкесі. Осы жолы перзенттері үшін қоюға бекініп келген. 

- Қазіргі кезде балаларым өсіп келе жатыр. Әкесі наркоман деп айтса, маған өте қатты әсер етеді. Сол үшін мен қазір қойғым келіп тұр. Қызым айтады, мен түсінемін бірақ басқа бір жолды тапшы дейді. Сол маған қатты әсер етті. Жастар егер бір рет қолданса, оны әрі қарай қиын болады тастауға. Қазіргі синтетика наркотиктар олар өте қатты. Миға әсер етеді. 

Науқастың сөзін нарколог-дәрігерлер де құптайды. Расымен есірткінің синтетикалық түрі өте қауіпті. Мидың жұмысын баяулатып, галлюцинацияға әкеледі. Мәселен, 2018 жылы елімізде синтетикалық есірткі заттарын тұтынған  150-ге тарта тұрғын болса, қазір 700-ден асып кеткен. Мамандар нашақорлықпен күресу үшін ең алдымен оларға деген көзқарасты өзгерту керек,-дейді. 

Нәби Есімов, психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығы бас директорының орынбасары:

- Стигмамен күресу біз үшін өте маңызды. Қазіргі таңда нашақорлық десек, нашақор адамды көрсек, онда ой ол нашақор адам. Онымен сөйлесуге болмайды.  Амандасуға болмайды. Жақындасуға болмайды дейді ия. Біз сол стигманы жеңуіміз керек. 

Нашақорлыққа тәуелді науқастар көбіне ең ауыр инфекциялық ауруларды жұқтырып алады. Көбісінің отбасы жоқ. Өздерінің айтуынша күніне 10-15 мың теңге керек. Қарызға батады. Одан қала берді  ұрлық жасауға дейін барады. Сөйтіп, түрмеге түседі. Өкінішке орай, көрсеткіш көңіл көншітпейді. Өткен жылы есірткі тұтынғандардың саны 17 мыңның төңірегінде болған. Ал, биыл 6 айдың өзінде 18 мың 500-ге жуық адам динамикалық бақылауға алынған. Ең жасы 14-те. Тіркеуде жоқтарын қоссақ, бұл көрсеткіш одан да артып кетуі мүмкін. 2021 жылы 74 адам, ал былтыр 87 адам осы дерттен көз жұмыпты. Көбі есірткіні мөлшерден тыс қолданған.

Қарлығаш Қайыпбекова, Эдуард Кон