Киелі Түркістанның таңбасы бар ма?

Мемлекеттік нышандарды жетілдіру қажет.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістанда өткен екінші Ұлттық құрылтайда кез келген елдің ықпалды болуына ұлттық брендтің әсері мол екенін, ол үшін оның танымалдығын арттыра түсу қажет екенін айтқан. Осы орайда біздің тілшілер киелі Түркістанның таңбасы бар ма, бар болса қандай, көне тарихи таңбалар туралы да дерек бар ма деген сауалдарға жауап іздеп көрді.

Геральдика ғылымы алғаш орта ғасырларда Батыс Еуропа елдерінде пайда болған. Корольдер сарайларының маңдайшасына түрлі нышандар мен таңбаларды, геральдикалық белгілерді салған. Геральдика Қазақстанға алғаш 1842 жылы келген. Патша үкіметі бұйрығымен Петропавл қаласының гербі жасалған. Белгілі журналист, ғалым Бекжігіт Сердәлі Түркістан қаласының нышаны 1909 жылы пайда болғанын айтады.

Бекжігіт Сердәлі, журналист:

- Ал енді ол гербке қарасаңыз патша үкіметінің мүддесі тұр олар арада. Яғни біздің ұлттық құндықлықтарымызға сәйкес келмейді. Ол біздің ұлттық құндылығымыздың үлкен белгісі екенін біз кейін сезіне бастадық. Гербтің қаншалықты тәрбие болатынын, әсіресе кейінгі жастарға қаншалықты өнеге екенін. Біз бұл мәселені кейінге қалдырып қойдық. Меніңше, бұны кейінге қалдырудың қажеті жоқ. Өйткені қаланың гербі – қаланың паспорты. 

Мамандар біздің елде заңмен бекітілген герб Алматы мен Астана және Шымкент қалаларында ғана барын айтады. Басқа қалалардың нышаны жергілікті мәслихаттың шешімімен қабылданған. Түркістанның туристік таңбасы да 2019 жылы бекітілген. Онда ежелгі және бүгінгі Түркістанның тарихы бейнеленген. «Логотиптің негізгі сарына ежелгі Жібек жолы бойындағы қозғалыс. Әріптердің бәрі бір-бірімен жымдасқан күйде бірлік пен келісім идеясын насихаттайды,- мамандар. 

Мұхит Көшенов, қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімі басшысының м.а.:

- Бүгінгі таңда еліміздің президентінің тапсырмасымен Үкімет тарапынан Түркістанға қаласына ерекше мәртебе беру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қаламызға ерекше мәртебе берілген жағдайда Алматы, Астана сияқты заңды түрде бекітілетін болады. Ол кезде осы логотивті қабылдай ма, басқа герб қолданыла ма? Ол қала басшылығының сол кездегі шешіміне байланысты болады. 

Белгілі тарихшы Марат Тұяқбаев қазақ даласында герб болмағанын, есесіне ру, тайпа таңбалары жақсы дамығанын айтады. Ал киелі Түркістанның таңбасы қандай болу керек деген сауалымызға былай жауап берді.

Марат Тұяқбаев, тарихшы:

- Тайқазан болу керек. Менің ойымша, тайық түрік тілінде «қасиетті» деген сөз. Қасиетті қазан деген мағына береді. Өйткені қазаққа шаңырақ қасиетті және қара қазан қасетті. Осы жағынан келгенде қазақ елінің қасиетті қазаны мен қасиетті мекені деп кесенені және ыстық күнді ауа райын білдіретін. Осы үш идея қатысу керек деп ойлаймын. 

Мемлекет басшысы да нышандарымыз бірегей ұлттық кодымызды нақты, әрі айқын көрсетуі керек деген болатын. Себебі кейбір қалалардың белгісі көңілден шықпайтыны рас. Соған байланысты қоғамда сын да жиі айтылады. Сондықтан Президент бұл салаға мұқият талдау жасап, ортақ ұстанымдар әзірлеу қажеттігін айтты. «Аймақтық нышандарды әзірлеу және бекіту тәртібін барлық өңірге бірдей етіп, ретке келтірген жөн», - деді. Ең бастысы заңмен бекітілген мемлекеттік нышандар идеологиямен қорғалуы тиіс.

Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш