СҚО-да шетелдіктер заңсыз жұмыс істеген
Солтүстік Қазақстан облысында шетелдік азаматтарды заңсыз жұмысқа тартқан кәсіпкерлер анықталды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Көші-қон қызметі басқармасының мамандары өңірде «Заңсыз келуші» жедел алдын алу іс-шарасын өткізді. Жауаптылар учаскелік инспекторлармен бірлесіп, құрылыс, ауыл шаруашылығы нысандары мен сауда орындарында арнайы тексеріс жүргізген. Нәтижесінде бірнеше ауданда Тәжікстан және Өзбекстан азаматтары еш құжатсыз жүргендері белгілі болды. Олар әлеуметтік нысандарды қайта қалпына келтіру үшін заңсыз еңбек еткен.
Тек 7 күнде ел аумағында болу ережесін бұзғаны үшін 212 шетелдік азамат жазаланды.
Армангүл Бегалинова, облыстық ПД Көші-қон қызметі басқармасының испекторы:
- Облыс аудандарының бірінде мектепте жөндеу жұмыстарын жасап, заңсыз еңбек етіп жатқан 10 мигрант анықталды. Аталған шетелдіктерді заңсыз жұмысқа алғаны үшін жұмыс беруші азаматқа 103 500 теңге сомасында айыппұл салынды. Шетел азаматтарының заңды түрде жұмыс жасауы үшін рұқсат алынуы қажеттілігі туралы еске саламыз.