Қызылордада БАҚ қызметкерлері күні аталып өтті

«Қанатты қалам-2023» шарасына облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қатысып, журналистерді төл мерекемен құттықтады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Салтанатта сала майталмандары марапатталды.

Сыр өңірі журналистикасының ғасырдан астам тарихы бар. Сонау Қызылорда астана болып тұрған кезде ашылған алғашқы ұлттық басылымдар аймақтың ақпарат саласының дамуына негіз болғаны сөзсіз. Сонау қайраткер қаламгерлер салған ізді бүгінгі буын лайықты жалғай білді. Аймақ басшысы салтанатты шарада журналистердің қоғамдағы рөліне тоқталды.

Нұрлыбек Нәлібаев, облыс әкімі:

- Қазіргі қоғамның өзекті әрі шынайы ақпаратқа деген талғамы өте жоғары. Осы орайды нақты адами ұсатным, әрбір жаңалыққа бей-жай қарамай, шындыққа жетуге ұмтылу – сіздердің мамандықтарыңыздың негізгі бағыты.

Облыстың медиа кеңістігінде 148 бұқаралық ақпарат құралы жұмыс істейді. Олардың қатарында 120-сы баспа басылымы, 3 телеарна, 25 интернет-сайт және ақпараттық агенттік бар. Саланың дамуында сүбелі үлесі бар БАҚ өкілдерін облыс әкімі арнайы марапаттады. Белгілі ақын, журналист Шакизада Әбдікәрімовқа «Қызылорда облысының құрметті азаматы» атағы табысталды.

Шахизада Әбдікәрімов, Қызылорда облысының құрметті азаматы:

- Бұл – әлемдегі мамандықтардың ішіндегі ең нәзігі, ең ауыры, ең күрделісі және ең ежелгісі. Tарихтың да, біздің өткеніміз, келешек, болашағымызды да болжайтын – баспасөз қызметі.

Сонымен қатар бірқатар масс-медиа майталмандарына облыс әкімінің, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің марапаттары табысталды. Мерекелік шара концерттік бағдарламамен қорытындыланды. 

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Музрапшин.