Күнтізбеде Ұлттық баспасөз күні пайда болады
Елордадағы Ұлттық музейде қазақ журналистикасының өткені мен бүгіні дәріптеліп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».
БАҚ қызметкерлерінің төл мерекесіне орайластырылған көрме баспасөз, радио және телевизия салаларына қатысты бөлімдерден тұрады. Көрермен назарына ХІХ ғасырдың екінші жартысынан басталатын тарихи құжаттар мен газеттердің көшірмелері, қолжазбалар, кітаптар, түрлі техника және ескі суреттер қойылған.
Көрменің ашылу салтанатына Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі қатысты. Ол өз сөзінде ел күнтізбесінде Ұлттық баспасөз күні пайда болатынын атап өтті.
Дархан Қыдырәлі, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі:
- «Қазақ» газеті дүниеге келген 2 ақпанды Ұлттық баспасөз күні деп белгілеу туралы ұсыныс болғаны белгілі. Министрлік бұл ұсынысты қолдап, тиісті жұмыстар жүргіздік. Қазір енді тіркелу үстінде. 1-2 күннің ішінде жария болады деп ойлаймыз. Журналистика күнінен бөлек, газет саласында жүрген әріптестерімізге бұл кәсіби мереке ретінде аталып өтіледі.
Оңайгүл Тұржан, Л. Гумилев атындағы ЕҰУ доценті:
- Мен өзі ЕҰУ журналистика кафедрасында сабақ беремін. Қазір ойлап отырмын. Бізде қазақ журналистикасының тарихы деген пән жүреді. Сол сабақты осы жерге әкеліп өткізуге болады екен. Барлық көрнекі құралдар тұр. Газет қалай шықты? Жас журналистердің көпшілігі білмеуі мүмкін. Сондықтан құтты болсын! Бұл көптен күткен, баяғыдан болу керек музей еді ғой.