Еліміздің теміржол саласында сапалы өзгерістер байқалады

«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы негізгі өндірістік көрсеткіштер бойынша былтырғы жоспарды сәтті орындап шықты.

Бұл туралы бүгін компания өкілдері «Самұрық-Қазына» қоғамдық кеңесінің отырысында айтты.

Елдегі теміржолмен жолаушылардың 15%-і қатынайды. Жүктің тең жартысы да осы шойынжол арқылы тасымалданады. «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы қоғамның басты қажеттілігін қамтамасыз ету үшін стратегиялық маңызы бар өнім түрлерін әр қалаға жеткізумен айналысады. Қазір теміржол учаскелерін жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Пойыздың кестеден кешігіп келуінің бір себебі де – осы.

Нұрлан Сауранбаев, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басқармасының төрағасы:

- Жыл өткен сайын елдегі жүк тасымалының көрсеткішін ұдайы жаңартып келеміз. Орта есеппен әр жылы 5-6% өсім бар. Осыған байланысты инфрақұрылым бойынша жүктеме көлемі артады. Артынша теміржолдағы рельстер де тез тозады.

Қазақстанның оңтүстігі мен шығысында және орталығында барлығы 4 теміржол желісі салынып жатыр. Қарама-қарсы бағыттағы жолдар да қарастырылған. Алдағы уақытта тағы 458 локомотив сатып алу көзделіп отыр. ҚТЖ компаниясы қарамағындағы қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайына да ерекше мән береді.

Шамамен 114 мың азаматты жұмыспен қамтып отыр. Табыс көлемінің артуына байланысты жұмысшылардың да жалақысы біршама өсті. Соңғы 2 жыл ішінде еңбекақы қоры 155 млрд теңгеге ұлғайды.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Асхат Қарақойшиев, Дмитрий Николаев.