БАҚ өкілдері әскери сайыста бақ сынады
Жамбылдық журналистер қаламын қаруға алмастырып, бір күнін әскери өмірге арнады.
«Оңтүстік өңірлік қолбасшылығы» бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күніне орай осындай шара ұйымдастырды. Тілшілер «Теріс-Ащыбұлақ» полигонында автомат атып, танкке мініп, сарбаз асының дәмін татты.
Әскерилер үшін таулы шатқалдан өтіп, құзға өрмелеу күнделікті дайындық. Бірақ БАҚ өкілдеріне бұл жаттығулар шыдамдылығын санар сәт. Полигонға келген журналистер алдымен өзен үстіне керілген арқанмен өтті.
Данияр Әлімқұл, журналист:
- Іс жүзінде өте қиын. Бір жағынан бойыңды қорқыныш билейді. Арқан үзіліп кететіндей әсер етеді. Дегенмен, жігерімізді жиып, күшімізді бойымызға жинап ақырындап өттік. Мынау өзімізді бір сәтке тауда жүретін сарбаз ретінде сезініп осы саланың қиындығын бастан өткердік.
Тілшілер топқа бөлініп, жарақаттанған әріптестерін тасып жарысты. Одан соң мергендігін сынға салды. Нысанаға әскери күрек лақтырып АК-74 автоматынан атты. Нәтижесінде жергілікті газет ұжымы мен Хабар 24 тілшілері үздіктер қатарынан көрінді.
Мерей Бает, тілші:
- Міне қазір журналистердің өздерін әскери сезінеуге толық мүмкіндік туып тұр. Қазір біз окопқа жатып, төбемізден бірнеше танктің өткенін байқап тұрсыздар. Мына жерде қазір қарулы қақтығыстар да орын алып жатқандай әсер қалдырады. Бұл енді ерекше әсер деп айтуға болады.
Ораз Күшіков, Оңтүстік өңірлік әскери қолбасшылығы қолбасшысының орынбасары:
- Бүгінгі шарамызды арнайы БАҚ өкілдері үшін ұйымдастырдық. Жақсы әсер алып, әскерилер өмірінің қиындығы мен қызығын сезінді деген ойдамын. Журналистерді төл мерекесімен шын жүректен құттықтаймын.
Тілшілерге атты әскердің жаттығулары көрсетіліп, әскери техника мен қару жарақтар таныстырылды. Шара соңында БАҚ өкілдері жауынгер асынан дәм татып, жүлделі орын алғандар марапатталды.
Мерей Бает, Руслан Ахатіллә